Шетпе ауылының екі тұрғыны қауіпті вирус жұқтырды

10 Сәуір 2020, 19:25
2008
Бөлісу:
Шетпе ауылының екі тұрғыны қауіпті вирус жұқтырды

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ. Бұл елді мекен Маңғыстау ауданының орталығы болып табылады. Коронавирус инфекциясын жұқтырған екі әйел қырық жастағы ауыл тұрғындары екені мәлім болды.

Олардың сәуірдің 8-де Жаңаөзенде қатерлі дерт белгілері анықталған әйелмен жақын байланыста болғанын дәрігерлер айтып отыр. Шетпедегі аудандық ауруханаға жеткізілген тұрғындар оқшауланған бокс-палатаға жатқызылды. 

Науқастардың қан құрамы мен ауыз қуысынан сынамалар алынған. Зертханалық сараптамалардың қорытындысы ағзада COVID-19 вирусы барлығын көрсетті. Қазіргі таңда бекітілген алгоритм бойынша ауыл тұрғындары қажетті емдік шараларын қабылдап жатыр.  

Айта кетейік, Жаңаөзенде қауіпті вирус жұқтырған науқас әйелдің жақындары түгелдей медициналық тексеруден өткізілді. Теріс нәтиже тек 11 жастағы қызынан табылған. Қалғандарының дені сау. Десек те, бұл отбасы карантинге алынды. Олар бірнеше күн дәрігерлердің бақылауында болады. 
Көптен оқшауландырылған ана мен қыз баланың қазіргі жағдайы қалыпты деп айтылды. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Науқастармен байланыста болған азаматтар анықталып, провизорлық стационарға жеткізілді. Індет аумағы залалсыздандырылып жатыр, - деп хабарлайды ақ халатты мамандар. 

Ресми деректерге сүйенсек, Маңғыстау облысында тұратын тоғыз адамнан COVID-19 анықталды. Бұл ретте Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау ауданына екі азаматтан келеді, қалғаны ақтаулық тұрғындар.
Өзгелердің жаңалығы