Бас жаңалықтар
Шетелдік сарапшылар Қазақстан әскерінің әлеуетін жоғары бағалады
Шолу
11 Қыркүйек 2021, 23:28 566

Шетелдік сарапшылар Қазақстан әскерінің әлеуетін жоғары бағалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің аға офицері полковник Сейлжан Мейрманов «АрХО-2021» сайыстарының қорытындысы туралы айтты.

– Сейлжан Анарбекұлы, биылға Халықаралық армия ойындары қалай өтті?

– 2021 жылға жоспарланған Армия халықаралық ойындарында барлығы 34 конкурсқа 42 мемлекет қатысты. Еліміздің әскери құрамасы тек 11 сайысқа ғана қатысты. Оның екеуі Қазақстан аумағындағы Жамбыл облысы Гвардейск өңірінде өтті. Олар – «Артиллериядан оқ ату шеберлері» мен «Сұңқар аңшылығы» конкурстары. Екі сайыстан да біздің Қарулы Күштер құрама командалары бірінші орынға ие болды.

34 түрлі сайыстың екеуі бізде өтсе, Ресей Федерациясында 6 конкурс өтті. Біздің жауынгерлер оның біреуінен екінші орын, қалған бесеуінен де үшінші орынға табан тіреді.

Сербия мемлекетінде бір конкурс болып, одан үшнші орын алдық. Иран мемлекетінде «Теңіз кубогы» конкурсы өтіп, біздің команда тағы да үшінші орын алды. Армения мемлекетінде өткен «Бейбітшілік жауынгері» конкурсында да үшінші орынға табан тіредік.

Бұл жауынгерлердің жеке дайындығы жақсы екенін және жауынгерлік даярлықтың дұрыс деңгейде жүргізіліп жатқанының белгісі. Бұған барлығы атсалысты деп ойлаймын.

– Жеңістеріңіз құтты болсын! Армиялық ойындар кезінде біздің жауынгерлер несімен ерекшеленді?

– Өзіңіз білетіндей бұл сайыстар өте жоғары деңгейде өткізілді. Біздің жеке құрамның өзі биылғы көрсеткіштер бойынша өздерінің дайындығын жоғары деңгейде көрсетті. Өздерінің көрсеткіштерімен бүкіл Қазақстан Қарулы Күштерінің деңгейін, мәртебесін жоғарыға көтерді деп есептеймін. Әр жыл сайын рейтинг бойынша уақыттарын және білімдерін көтеріп отырады. Мәселен, былтыр «Танк биатлоны» конкусында біздің команда сайысты 1 сағат 46 минутта аяқтаса, биылғы жылы 1 сағат 34 минутта аяқтады. Сөйтіп жыл сайын рекордтарын жаңартып отырады. Мұның барлығы әр экипаждың, әр сайысқа қатысушының жеке қосқан үлесі деп санаймын. Әскери жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін көрсете білді.

– Сайыс барысында өзге елден келген сарапшылар біздің елдің механик-жүргізушілердің шеберлігі жақсы деген баға бергенін байқадық. Бұл қаншалықты шындық? Шынымен біздің механиктер мықты ма?

– Армия халықаралық ойындарындағы Ресей мемлекетіндегі бақылау тобында болған әріптестеріміз, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің механик-жүргізушілері жоғары біліктіліктерін көрсете білді деді. Қанша дегенмен сырт көз сыншы ғой. Тағы бір айта кетерлігі, жауынгерлік сайыс алаңына, тіпті көрермен болып келсе де, жәй адам келе қоймайды. Оның бәрі де білікті манадар. Ал біздің жігіттерге келер болсақ, шынымен барын салды. Өйткені басқа мемлекеттің қатысушылары ақырын жүрген жерлерден біздің экипаждар ештеңеге қарамай, техниканы сезіне отырып, кедергілердің барлығын еңсеріп, алдында қойған рекорд уақыттарын ерекше көтеріп отырды. Төрешілер біздің механик-жүргізушілердің шеберлігін жоғары бағалады.

– Конкурстардың қайсысы қиын болды?

– Өзіңіз білетіндей конкурстарды ауыр, жеңіл деп бөлуге болмайды. Әр сайыстың өзінің ерекшелігі бар. Біреуінде ойлау қабілетіне баса назар аударса, енді бірінде физикалық білімі жоғары болуы керек. Сондықтан әр сайыстың өзіндік қиыншылықтары мен жеңілдіктері бар. Сол себепті бөлу қиын.

– Жалпы Армия ойындарының әрі қарай дамуы, болашағы қандай?

– Бұл сұрағың орынды екен. Оның болашағы өте жоғары деп санаймын. Егерде аталған халықаралық сайысты әрі қарай дамытса, келешекте түрлі мемлекеттер арасында өзара қарым-қатынас күшейе түседі деп ойлаймын. Армия арасындағы татулық, көзқарас түзу болады деп санаймын.

– Жаңа шетелдік әскери-сарапшылардың пікірін айтып жатырсыз ғой. Өзіңіз біздің жауынгерлердің сайыстағы қимылдарына қандай баға берер едіңіз?

– Оларға мен баға бермесем де, менен бұрын түрлі қарулы күштердің басшылықтары берген. Оны жоғарыда да айттық. Біздің Қарулы Күштерінің командалары барлық күштерін жинай отырып, қойылған тапсырмалар мен міндеттерді орындап шықты. Барлық 11 сайыста жүлделі орындарға ие болдық. Осының өзі олардың өз істеріне, өз күштеріне өздерінің берген бағасы деп білемін.

– Биыл Армия ойындарының екі конкурсы біздің елде өткенін айттыңыз. Алдағы уақытта елімізде өткізілетін сайыстардың ауқымын кеңейту жоспарда бар ма?

– Болашақта әрине, жыл сайын Қорғаныс министрі тапсырма қояды. Бұл армия халықаралық ойындары конкурстарының санын арттыру ойымызда бар. Әр гарнизонда түрлі ойындар мен сайыстар өткізуге болады. Қарулы Күштердің әлеуетіне қарап, биыл екі конкурс өткен болса, ендігі жылға бесеуін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұның бәрін Армия халықаралық ойындарының Ресей Ферерациясындағы басшылары шешеді. Біздің ұсыныстарымызды, өтініштерімізді сонда жолдаймыз. Егер сол жақта дұрыс шешім қабылдаса, онда Қазақстан Республикасының аумағында өтетін сайыстар санын белгілеп береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Фото: дереккөз
Загрузка...