Бас жаңалықтар
Қазақ диаспорасынан 992 студент даярлық курстарында оқып жатыр
02 Мамыр 2019, 15:39 727

Қазақ диаспорасынан 992 студент даярлық курстарында оқып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отандастар қоры мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының ұйымдастырумен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шет елдерден келіп, оқып жатқан қазақ диаспорасының студент жастарымен кездесуі өтті. 

Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және басқа да шет елдерден келген қазақ диаспорасының студент жастары ықтияр хат, азаматтық алу, оқуға түсу мүмкіндіктері, мемлекеттік квоталарды пайдалануы және тағы да басқа мәселелерді ортаға салды.

Қазақстанда дайындық курстары, бакалавриат және магистратурада оқып жүрген шет елдерден келген қазақ диаспорасының жастары Қазақстан Республикасының азаматтығын алып, еліміздің өсіп өркендеуіне өзіндік үлесін қосуға дайын екендігін жеткізді. Бүгінгі күні Қазақстанда шет елдерден келіп, 18 жоғары оқу орындарында 992 қазақ диаспорасының жастары даярлық курстарында оқып жатыр.

Кездесу барысында оралман мәртебесін және азаматтық алуға қажет құжаттарды жинауда туындайтын мәселелер кеңінен талқыланып, олардың шешу жолдары қарастырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді алу үшін сұратылатын құжаттардың бекітілген тізіміне өзгерістер енгізу, студенттердің тұрақты мекенжай бойынша тіркелуі, азамматтық алуға жеңілдетілген тәртіппен құжат тапсыру және тағы да басқа сұрақтар көтеріліп, тиісті сала мамандарының жауаптары берілді.

Кездесуге ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Гүлмира Әлиайдарқызы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон процестерін мониторингілеу басқармасының басшысы Айтқұлов Дастан, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің өкілі Зайлашова Гүлдана, ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті Көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына бақылау мен мониторинг жүргізу және сараптау басқармасының басшысы Күзетбаев Марғұлан, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Отандастар қоры мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жастардың ортаға салған барлық сұрағына қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар мамандары тарапынан тұшымды жауаптар беріліп, осындай бас қосуларды жиі өткізуге уағдаласты.
                                 


Фото: дереккөз
Загрузка...