Бас санитариялық дәрігер коронавирусқа қатысты қаулы қабылдады

26 Ақпан 2020, 13:02
4858
Бөлісу:
Бас санитариялық дәрігер коронавирусқа қатысты қаулы қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда коронавирустық инфекцияның профилактикасы шараларын одан әрі күшейту туралы қаулыға қол қойды. 

1. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары:

1) ағымдағы жылғы 1 наурыздан бастап Қытай Халық Республикасына барған сәтінен бастап 14 күннен кем уақыт өткен (бірінші санат) ҚХР-дан келген адамдарды 14 күн бойы жергілікті атқарушы органдар анықтаған үй-жайларда оқшаулай отырып, кейіннен емдеуден шығарылғаннан кейін 10 күн бойы тұрғылықты жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында медициналық бақылау арқылы карантинді (күн сайын қоңырау шалу);

ресми және үкіметтік делегацияларды, қызметтік және дипломатиялық паспорттардың иелерін, авиакомпаниялардың ұшқыштары мен экипаж, локомотив бригадаларының мүшелерін, теміржол көлігінің тасымалдау қызметімен айналысатын адамдарды және халықаралық автомобильмен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілерді қоспағанда, осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес коронавирустық инфекциямен (КВИ) сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдерден (ҚХР-дан басқа бірінші санат) келген адамдарды Қазақстан Республикасының шекарасына өткен күннен бастап 14 күн бойы тұрғылықты (келген) жері бойынша МСАК-тың медицина қызметкері күн сайын барып бақылай отырып, кейіннен 10 күн бойы (күн сайын қоңырау шалу) тұрғылықты (келген) жері бойынша МСАК ұйымдарында медициналық бақылай отырып, үйде оқшаулауды (халықтың көп жиналатын орындарына баруды болдырмай үйде карантинді);

2) ресми және үкіметтік делегацияларды, қызметтік және дипломатиялық паспорттардың иелерін, авиакомпаниялардың ұшқыштары мен экипаж мүшелерін қоспағанда, осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдерден (екінші санат) келген адамдарды ҚР-ның шекарасына өткен күннен бастап 14 күн бойы тұрғылықты (келген) жері бойынша МСАК-тың медицина қызметкері бақылауды, одан әрі 10 күн бойы күн сайын қоңырау шалу арқылы МСАК медициналық бақылауды; Экипаждардың, локомотив бригадаларының мүшелері, теміржол көлігінің тасымалдау қызметімен айналысатын адамдар және бірінші санаттағы елдерден келген жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер бірінші санаттағы ретінде тұрғылықты (келген) жері бойынша медициналық бақылауға жатады.

3) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес КВИ-мен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдерден (үшінші санат) келген адамдарды ҚР шекарасынан өткен күннен бастап 24 күн бойы тұрғылықты жері бойынша МСАК-та медицина қызметкері қоңырау шалу арқылы бақылауды;

4) КВИ бойынша қолайсыз елдерден келгендерді оқшаулау үшін орындарды, сонымен бірге КВИ-ға күдікті пациенттерді орталықтандырылған қабылдау, қарап-тексеру және емдеу үшін қажетті төсек орны бар стационарларды ұйымдастыруды қарастыруды;

5) халықты коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және өңірде қабылданатын шаралар туралы ақпараттандыруды қамтамасыз етсін.

2. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің көліктегі департаменті, аумақтық департаменттерінің басшылары:  

1) Қытаймен шекарадағы шекара және кеден бекеттерінің басшыларымен бірлесіп Достық және Алтынкөл уақытша сақтау қоймалардағы, сондай-ақ ҚХР-мен шекарадағы автомобиль өткізу жолдарындағы теміржол-жол жүк құрамдарының қозғалысына, оларды түсіруге және қалыптастыруға тартылған адамдардың қозғалысын, тұру, медициналық бақылау схемаларын әзірлеуді және барлық мүдделі ұйымдармен келісуді;

2) ҚР азаматтары, шетелдік азаматтардың жалпы саны бойынша бөліп көрсете отырып, ҚХР-дан, сондай-ақ коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдерден келген шетелдік азаматтарды бөлек есепке ала отырып, ҚР шекарасына өтетін адамдар туралы күн сайын мониторингілеуді және ақпаратты сағат 20-00-ге ұсынуды;

3) шет елдерден келетін адамдарға осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес хабарламаны таратуды және оларды сақтау қажеттілігі туралы ақпараттандыруды қамтамасыз етсін.

3. ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы күн сайын сағат 10:00-ге дейін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттеріне және денсаулық сақтау басқармаларына санаттар бөлігінде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдердің тізбесін жіберсін.

4. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық, көліктегі департаменттерінің, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының басшылары:

1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 3 ақпанда бекіткен "Жаңа короновирустық инфекцияға күдікті науқастар анықталған кезде жүргізілетін санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар алгоритміне" сәйкес санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық шараларды өткізуді;

2) коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және өңірлерде қолданылатын шаралар туралы халықты ақпараттандыруды;

3) жергілікті атқарушы органдардың мүдделі ведомстволарынан азаматтардың көп болатын объектілерінде дезинфекциялау режимін күшейтуді талап етуді, сондай-ақ мектепке дейінгі балалар мекемелеріне, мектептерге және орта арнаулы оқу орындарына балаларды қабылдау кезінде міндетті таңертеңгілік сүзгіні өткізуді қамтамасыз етсін.

5. Осы қаулының орындалуы туралы ақпарат осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Жедел орталығына күн сайын сағат 7:00-ге ұсынылсын.

6. Осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысының күші жойылды деп саналсын.

7. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.


COVID-19 коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдер

1-санат: ҚХР, САР Гонконг ҚХР, Тайвань (ҚХР), САР Макао ҚХР, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия және Иран;

2-санат: Сингапур, Таиланд, Малайзия;

3-санат: Вьетнам, Германия, Австралия, АҚШ, БАӘ, Канада.

   

Өзгелердің жаңалығы