Шетелдегі қазақ жастарына арналған байқаудың қорытындысы жарияланды

3 Қараша 2021, 20:06
788
Бөлісу:
Шетелдегі қазақ жастарына арналған байқаудың қорытындысы жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шетелдегі қазақ жастарына арналған шығармашылық байқаудың қорытындысы жарияланды.

«Отандастар Қорының» ұйымдастыруымен шетелдегі отандастарымызға онлайн және офлайн форматта қазақ тілі курстары жүргізіледі. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыз ана тілімізді үйренуге ниетті. Жастармен мектеп оқушылары арасында тіліміздің, мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің сақталуы үшін балалар арасында да әртүрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады, - делінген қор баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жыл сайын дәстүрге айналған шығармашылық байқауды айрықша атап өтуге болады. Биыл жарияланған байқау шартына сәйкес ұлтымыздың 50 ақынының бірінің өлеңін таңдап, бейнежазба түсіріп, Instagram желісіне #Otandastarqazaqpoeziasy хэштегін белгілеп салу міндеттелді.

Осылайша, қазақ поэзиясын әлемге таныту мақсатында өткізілген конкурс нәтижесінде шетелдегі жас жеткіншектерімізге ақындар шығармашылығымен жақынырақ танысуға зор мүмкіндік туды. Бүгінде байқауға қатысуға 280 адам тіркеліп, 175 отандасымыз әлеуметтік желідегі парақшаларына бейнежазбаларын жүктеді.

Сайысқа қатысушылардың басым көпшілігі Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин сынды ақындардың өлеңдерін оқыды. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Өзбекстан Республикасы мен Моңғолия елінен анықталды. Қатарынан оза шауып, мәреге алдымен жеткен оқушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.



Өзгелердің жаңалығы