Шетелде 7 млн қазақ бар, оның 1,5 миллионы елге келгісі келеді – депутат

30 Сәуір 2020, 16:35
5997
Бөлісу:
Шетелде 7 млн қазақ бар, оның 1,5 миллионы елге келгісі келеді – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік сауалнама бойынша, Қазақстанға шетелден 1,5 миллион этникалық қазақ тұрақты қоныс аударғысы келеді. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы айтты.

ҚР азаматтық туралы заңның 16-бабының бірінші тармағында азаматтыққа қабылдау үшін мерзімі көбейтуге байланысты мәселе де ұзақ талқыланды. Өйткені Қазақстанда азаматтық алу оңай, әсіресе қытайлықтар азаматтық көп алып жатыр деген мәліметтер БАҚ-та жиі көтеріледі. Талдау барысында мұның барлығы негізсіз екені айқындалды. Соңғы 29 жылдың ішінде Қазақстан азаматтығын қытай ұлтының 4 азаматы ғана алған, - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сонымен қатар, ол Қазақстаннан көшіп жатқан азаматтардың көбеюіне қатысты үкімет назар аударуы керектігін айтты. 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны 11%, көрші Өзбекстанда 60%, Тәжікстанда 68%, Қырғыстанда 43%-ға өскен. 

Біздің ел үшін басты қауіп – елден көшіп кету. 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар саны 3,7 миллионға жеткен. Тек соңғы он жылдың ішінде Қазақстаннан Ресейге 300 мың адам қоныс аударды, - деді депутат. 

Оның айтуынша, елден қоныс аударғандардың 44 пайызы 15 пен 34 жасқа дейінгі жастар. Бұл еңбек ресурстарының тұрақты азаюын көрсетеді. 

Сарапшылардың пікірінше, шет елдерде 7 миллион этникалық қазақ тұрады екен. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 миилион халықтың 38%-ын құрайды. Демографиялық аспектіде үлкен әлеует болып табылатын осы ресурстарды дұрыс пайдаланудамыз ба?! Өкінішке қарай жоқ деп ойлаймын. Ол үшін көші-қон жөнінде бүгінгі заман талабына сай жаңа құжат дайындап, соған орай нақты іс-шаралар қабылдауы тиіс, - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

 Ол сырт жерлердегі сан миллион ағайынымыздың атамекенге түпкілікті келемін деген ыстық ықыласын суытып алмай, сағынышы мен сүйіспеншілігіне сызат түсірмей, қазақ көшін қайта жаңғыртуымыз керек деп отыр.

Өйткені Қазақстан – шеттегі қандастарымыздың жалғыз рухани отаны. Әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, Қазақстанға шетелден 1,5 миллион этникалық қазақ тұрақты қоныс аударғысы келеді. Солай бола тұра соңғы 8 жылда қандастар легі жылына небәрі 10 мың адамды ғана қамтыған. Халық санын арттыру үшін шетелдегі қандастарды қолдау бағдарламасын, яғни репатрианттарды әлеуметтік-экономикалық қолдаудың кешенді шараларын қамтыған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажет деп санайды, - дейді депутат.
Айта кетейік, бүгін Дариға Назарбаева бастаған сенаторлар "оралман" сөзінен бас тартқан болатын.
Өзгелердің жаңалығы