Шертпе күйдің жоқтаушысы – Қайролла Сәдуақасов

31 Қазан 2020, 12:20
3659
Бөлісу:
Шертпе күйдің жоқтаушысы – Қайролла Сәдуақасов
PHOTO

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ өнерін, оның ішінде шертпе күй дәстүрін дамытып, келер ұрпақтың санасына дұрыс жеткізуді мақсат еткен күйші, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ашылған «Күй керуен» орталығының негізін қалаушы Қайролла Сәдуақасовтың өмірден өткеніне жыл толды. Арқадағы шертпе күй мектебінің негізін қалап қана қоймай, күй өнерін тереңірек зерттеп, қазақ халқының маңдайына біткен киелі өнерін өшіріп алмай, келер ұрпаққа жеткізуде талмай еңбек еткен тұлғаның өмірі ұрпақтарына өнеге.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қазақ өнерінің ішіндегі ең күрделісі, толғаулысы, сырлысы ол – күй өнері десе, Арқа шертпе күйі жайында «Арқаның асқақ әуен, салқын сазы» - деп баға берген екен. Арқа төсінде әйгілі Кетбұға, Асанқайғы, Байжігіт күйшілерден бастау алатын ерекше музыкалық мәдениет қалыптасқаны анық. Соның ішінде әсіресе күйшілік өнер, шертпе күй дәстүрі айрықша өркен жайған. Арқадағы шертпе күй дәстүрінің қайта жаңғыруына себепші болып, бабадан қалған асыл мұраны дәріптеген жандардың бірі күйші Қайролла Сәдуақасов еді.
Шертпе күйдің жоқтаушысы – Қайролла Сәдуақасов

2016 жылы «Теміржолшылар» мәдениет үйінде Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Күй керуен» орталығы ашылды. Шертпе күй дәстүрінің ұлттық болмысын сақтай отырып, халық арасында жүйелі түрде насихаттау мақсатында ашылған «Күй керуен» орталығының құрылуына ұйытқы болған Қайролла Сәдуақасов 1958 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданында дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасовтың отбасында дүниеге келген. Қайролла Дәулетбекұлы зейнеткерлікке шыққанан кейін күйшілікке біржола ден қойып, әкесінің ізгі өнерін насихаттай бастайды. Қайролла Сәдуақасовтың өзі күй өнеріне, оның ішінде шертпе күй өнеріне дәулескер күйші, әкесі, әрі ұстазы Дәулетбек Сәдуақасұлының аманат еткен күйшілік өнерін әрі қарай жалғастыру мақсатында келгендігін айтады.

Дәстүрлі аспаптық музыка саласының ғажайып тармағы – шертпе күй өнері тағдыр тәлкегіне түскендей үнемі қаға берісте қалып келеді. Ғасырлар бойы халқымыздың рухани жұбанышы болып келген шертпе күй дәстүрін бүгінгі ұрпаққа жеткізу жолында өлшеусіз еңбек еткен күйші, әкем Дәулетбек Сәдуақасұлының күйшілік өнері жөнінде өнертанушы ғалымдар былай деп бағасын берген: «Дәукең тартқан күйлерден ғасырлар бойы қалыптасқан қағыстық өрнектерді, перне басып, дыбыс алудың ежелгі канондық қағидаларын анық байқауға болады» деген. Әкем дүниеден өткеннен кейін әке жолын қуып, күйшілік өнерге біржола ден қойып, «Мәңгілік сарын», «Ұлы дала сазы», «Астана арқау» фестивальдеріне, «Күй керуен», «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» жобаларына, халықаралық байқауларға қатыстым. Арқа күйшілік мектебі атынан шеберлік сабағын өткізіп, деректі баяндау жанрында жазылған «Күй ғұмыр» атты кітабым жарық көрді. Қилы замандардың сынынан өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті өнер саласына шамам келгенше өз үлесімді қосып келемін, - деген еді Қайролла Сәдуақасов.

Шертпе күйдің жоқтаушысы – Қайролла Сәдуақасов

Қарағандының Сұрыптау бекетіндегі «Теміржолшылар» мәдениет үйінің ғимаратында ашылған «Күй керуен» орталығы Сарыарқа күйлерін кеңінен насихаттап қана қоймай, жастар арасында домбырада ойнауды танымал етуді, ұмыт қалған, белгісіз күйлерді жарыққа шығаруды мақсат етті. Орталықтың жұмысы жайлы Қайролла ағаның өзі былай деп жазды:

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 2016 жылы иісі қазақ баласының рухани жаңғыруына қажет дүние, еңбек ардагерлерінен, күйшілерден, өнер жанашырларынан тұратын «Күй керуен» шертпе күй орталығын ашуға бел будым. Облыстық мәдениет басқармасының, қалалық «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімі басшыларының қолдауымен «Теміржолшылар» мәдениет сарайынан арнайы кабинет бөлінді. Сөйтіп, 2016 жылдың шілде айында аталмыш орталықтың ресми түрде тұсаукесер рәсімі өтті. Әрине, жалғыздың үні шықпас. Орталық төңірегіне жүрегі елім деп соққан, нағыз патриот азаматтар, қазақ өнерінің жанаршылары жиылып, келешек ұрпақтың көзіне жаңаша реңмен Тәттімбет, Итаяқ, Қыздарбектер келгендей боп, Тоқа, Дайрабай, Әбди, Сембектердің ізін жалғаушы ұрпақтан құралған «Күй керуен» шертпе күй орталығы дүниеге келді. Бұл орталықтың жетекшілігін әкемнің ізін жалғаушы ұрпағы ретінде, ағаларымның тынысы іспетті өз қолыма алдым. Түсіне білген адамға, жетекшілік ету оңай істердің қатарында емес. Қасиетті күй өнері жалғасын тауып, «Күй керуен» болып қазақ даласын аралап, күй ғұмыр үзілмесін деп тіледім».

Шертпе күйдің жоқтаушысы – Қайролла Сәдуақасов

Орталық жұмысы  аз уақыт ішінде қарқынды түрде дамып, облыс көлеміне танылды. 2017 жылы Қарағанды қаласы «Теміржолшылар» мәдениет сарайында атақты күйші Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының 120 жылдық мерейтойына орай «Қайран елім» атты домбырашылар фестивалінен басталған ауқымды іс-шаралар облыс көлемінде жалғасын тауып, сол жылы қалалық М.Әуезов атындағы кітапхана ұжымымен бірлесе отырып, күйші Мағауия Хамзиннің 90 жылдығына, Әбікен Хасеновтың 125 жылдық мерейтойына арналған күй кештері өтті. Орталықтың атқарған ауқымды шараларының қатарында атақты күйші Әбікен Хасеновтың нақты туған жылын анықтау жұмыстарын баса айтуға болады.

Шертпе күйдің жоқтаушысы – Қайролла Сәдуақасов

Өз басым осы мәселеге жіті басты назар аударып, Т.Жүргенов атындағы ұлттық-өнер академиясының доценті, күйші, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазыдан осы мәселенің шешімін табуға кірісуін өтіндім. Сөйтіп, Мұрат бауырым Әбікен Хасеновтың жатқан бейітін тауып, осылайша атақты күйшінің туған жылы анықталып, Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында күйшінің 125 жылдық мерейтойы қарқынды түрде аталып өтті. Осы үрдіс «Күй керуен» шертпе күй орталығының ұйымдастырумен Әбікен атамыздың туған жері Киікті, Мойынты елді мекендерінен бастау алып, Босаға, Ағадыр, Жарық, Ақжал, Жұмыскер, Қайрақты ауылдарын «Қоңыр» атты күй кештерімен аралап, жергілікті халықтың ризашылығына бөленіп қайтты, - деп жазды бір естелігінде Қайролла Сәдуақасов.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге ала отырып, Қарағанды облысы аумағындағы материалдық емес мәдени мұраларымыздың озық элементтерін қазіргі көзі тірі өкілдерінің өзінен жазып алу, сақтау, қорғау, насихаттау арқылы жас ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат еткен «Күй керуен» орталығы жүзжылдықтың танымал орындаушыларының аудио, фоножазбаларын іздестіруге, қалпына келтіруге ықпал етіп, еліміздегі мұражай және кітапханалардың ақпараттық және телекоммуникациалық технологиясына енгізілуіне септесті.

Жалпы, өнер ауылының маңайында жүрген адамның бірі есепті білгенім, «тыңдамаса, сөз жетім» демекші, қандай да мықты тарихи тұлға болса да, оның іздеушісі болмаса, тасада қала береді екен. Жоқтаушысы табылмаған қаншама тұлға тарихтың шаңына көміліп, жадымыздан өшті десеңізші, - деген Қайролла аға осы бағытта көптеген істер атқарды.

Шертпе күйдің жоқтаушысы – Қайролла Сәдуақасов

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде «Күй керуен» шертпе күй орталығының мүшелері облыстық мәдениет басқармасының ұсынысымен елді мекендердегі талант иелерін анықтау мақсатында Қарағанды облысы бойынша музыкалық-этнографиялық кешенді экспедиция ұйымдастырды. 

Арқа өңіріндегі рухани құндылықтарды ұстанушы көнекөздердің жыл санап өмірден өтуіне байланысты осы дәстүрдің қазіргі таңда тікелей ұстанушыларының азайып, дәстүрлі музыкалық мұра элементтері, соған сай білім мен дағдылар жоғалуда. Осы орайда Қарағанды облысының барлық елді-мекендерінде кешенді-этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, қазақтың рухани мұраларының озық үлгілерін жинау, қорғау, сақтау, құжаттандыру, зерттеу, насихаттау жұмыстары уақыт күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі, - деп санаған Қайролла аға экспедицияның маңыздылығына ерекше тоқталған болатын.

Қазақтың шертпе күй өнерінің тасада қалмауына орасан еңбек сіңірген Қайролла аға жайлы әріптестері естеліктерімен бөліскен болатын.

«Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпына байланысты шілдехана, жоқтау, сыңсу, жар-жар, ән-күй, жыр, терме, жарапазан сияқты мұраларымыз ауызекі тілде таралып, ұлт мәдениетінің тарихын ұзартты. Осындай ұлы құндылықтар сақталған өңірдің бірі – Сарыарқа даласының Қарағанды облысы. Итаяқ, Тоқа, Тәттімбеттерден бастау алған тамыры терең Арқа өңірінде шертпе күйшілік мектебі Әбікен Хасенов, Әбді, Қыздарбек, Сембектер арқылы Дәулетбек Сәдуақасов, Пазыл Тұтқабеков, Мұхамбетжан Тілеуханов, Қайролла Сәдуақасовтарға жалғасса, ХІХ ғасырдағы қaзaқтың клaccикaлық ән өнepiнiң нeгiзiн қaлaп, сaл-cepiлiк дәcтүрдің алтын діңгегін осы апайтөс далаға мызғымacтaй eтiп opнaтқaн Aқaн cepi, Бipжaн caлдap caлғaн әншілік өнердің бүгінгі күнгі сарқыты да осы қасиетті Арқа өңірі, оның ішінде Қарағанды облысында сақталған. Арқа күйшілік мектебінің қалыптасуына Қайролла Сәдуақасовтың сіңірген еңбегі орасан», - дейді «Теміржолшылар» мәдениет үйінің директоры Серік Мұқанов.

Сұрыптау елді мекеніндегі «Теміржолшылар» мәдениет үйінде жұмысын бастаған «Күй керуен» шерпе күй орталығы 2018 жылы қаланың жаңа орталығындағы «Достық үйінің» ғимаратына көшіп келді. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының аясында жұмыс істеген орталық жастар мен балалар арасында танымал орынға айналды.

Қайролла Сәдуақасов - Қарағанды қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында ашылған «Күй керуен» орталығының жетекші ұстазы болды. Қаладағы мектеп, колледж оқушыларына қазақ даласының сан ғасырлардан бері сырын сақтаған танымал аспаптың қыр-сырымен таныстырып, домбырада ойнау шеберлігіне, оның ішінде шертпе күй ойнауды үйреткен Қайролла Сәдуақасовтың құнды жәдігері - атақты күйші Қыздарбек ойнаған 100 жылдық домбыра еді. Қайролла бұл домбыраны көздің қарашығындай сақтап, келгендерге ерекше тебіреніспен таныстыратын. Домбырашының бауырларымен бірге Сарыарқаның музыкалық дәстүрлеріне арнап «Мәнгілік сарын» кітабын жарыққа шығарғанына да куә болдық. Күй керуен экспедициясының жетекшісі ретінде Қарағанды өнірінің аудан-қалаларын аралады. Қайролла өзге ұлт өкілдеріне де шертпе күйдің тарихын айтып, шеберлік сабақтарын өткізді. Қайбір жылы Жапонияның мәдениеттанушысы Нурико Тони өзінің «Қазақтың шертпе күйі» диссертациялық жұмысына керек ақпаратты алу үшін арнайы Қарағандыға Қайролла Дәулетбекұлын іздеп келген болатын. Қайролла Сәдуақасов домбыра – қазақ ұлтының мәдени құндылығы екенін айтап, домбыра туралы пән барлық мектептерде оқытылса деп армандайтын, - деген естелігімен бөлісті Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Вайнах шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев.
Қарағанды өңіріндегі шерпе күй өнерінің шеткері қалмай, бір кісіден үлес қосқан күйші Қайролла Сәдуақасов 2019 жылдың күзінде мезгілсіз өмірден өтті. Көзі тірісінде «алдымда жүрген аға буын мен соңымнан ерген бауырларымның қолдауымен келешекте бұдан да ауқымды мәдени іс-шаралар атқарып, тәңірдің қолдауымен әкеден балаға берілген өнердің арқасында әке аманатын қанатым талғанша орындап, кейінгі келер ұрпағыма әке жолын аманат етіп тапсырармын деген ойдамын», - деген күйші ағамыз тірі болғанда әлі де талай игі істердің басы-қасында жүрер еді.
Өзгелердің жаңалығы