Шенеунік жайылымдық жер проблемасын шешу жолын айтты

22 Шілде 2021, 20:19
4032
Бөлісу:
Шенеунік жайылымдық жер проблемасын шешу жолын айтты

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында ауылшаруашылық жерлері түгендеуден өткізілді. Нәтижесінде босалқы жер қоры нақтыланды. Өңірдегі егістік алқабы 23 981 гектар болса, жайылымдық жер 1 226 399 гектар екен.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосынов айтып берді. Оның мәліметтеріне сүйенсек, аймақтағы жер қорының барлық санаты бойынша 8,1 млн гектар жайылымдық жер бар. Бұл статистикалық есепке сәйкес Жамбыл облысында тіркелген 860,2 мың бас шартты мал басына шаққанда 9 гектардан айналатын көрінеді. Яғни, қолда бар жайылым қорын пайдалануды дұрыс ұйымдастыра білсек, жайылымдық жер жеткілікті деуге негіз бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты өңірдегі жайылымдық жерге талдау жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта прокуратура өкілдерімен бірлесіп аудандарға шықтық, жиындар өткізіп, қалыптасқан ахуалды сараладық. Нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтарда тіркелген мал басына 683 мың гектардан астам жайылым жетіспейтіндігіне көз жеткіздік. Ұйымдастырылған жұмыстың арқасында қазір Жамбыл облысындағы малдарды шығару үрдіске айналып, бүгінге 773 пада мал жайылымға шығарылды, - деді Бахтияр Бейсембайұлы.
Бұл өз кезегінде ауылдық округтерге бекітіліп берілген 363 мың гектар жайылым жер көлемінің жүктемесін азайтуға септігін тигізуде. Дегенмен кейбір ауылдық округтің тұрғындары малдарын жыл бойы елді мекендер маңында ұстап, сауын малынан өзге мал басын шалғайдағы жайылымдарға шығаруды ұмыт қалдырған. Бұл кейбір ауыл әкімінің аталған мәселемен айналыспайтындығын көрсетеді.
Мысалы, Байзақ ауданында – Түймекент, Қостөбе, Сарыкемер, Жамбыл ауданында – Қарасу, Қызылқайнар, Ақбастау, Жуалы ауданында – Ақсай, Қошқар ата, Шақпақ, Қордай ауданында – Қарасу, Қасық, Шу ауданында – Көкқайнар, Жаңажол, Меркі ауданыда Меркі, Ақарал ауылдық округтерінде тұрғындар аулада ветеринарлық нормадан артық мал ұстап отыр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2008 жылғы бұйрығымен бекітілген «Жеке қосалқы шаруашылықтарда елді мекендердің шекаралары шегінде мал ұстау және ауыл шаруашылығы пайдалынымындағы елді мекенді жерлерде малдарды бағу жүктемесінің ветеринарлық нормативтерінде» 1 бас малға қажетті шаршы метр жер есебінде қанша басқа дейін мал ұстауға болатындығы заңдастырылған. Айталық, азаматтың өзіндік қосалқы шаруашылығында 0,15 гектар жер болса, оның шамамен 700 шаршы метрінде тұрғын үйі мен ауласы орналасады. Сонда қалған 800 шаршы метр жерде 20 бас ірі мал немесе 65 бас ұсақ мал ұстауы қажет, - деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, өкінішке қарай заңнамалардың осы талаптары орындалмай отыр. Енді қалыптасқан жағдайдан шығу үшін жер қорын пайдалану картасына барлық ауылдық округ енгізіліп, аудан әкімдеріне негізгі 5 бағыт бойынша шаралар қолдану тапсырылыпты. Десе де аудандарда тиісті шаралардың уақытылы әрі өз дәрежесінде атқарылмауынан жайылым мәселесі күн тәртібінен түспей отыр.
Әлгі бес бағытты талдап айтар болсам, бірінші – босалқы жер қорындағы жайылымдарды елді мекендерге бекітіп беру керек. Бүгін 17,6 мың гектар жайылымдық жер елді мекендерге берілді. Бұл көрсеткіштен республикада біздің облыс көш бастап тұр. Екінші, елді мекендерге жақын, мал аяғы жететін 5 шақырымдық аралықтағы жайылымдарды мемлекетке қайтарып, ауылдық округтерге бекітіп беру бағыты бар-жоғы 366 гектарға орындалған. Бұл мәселемен тек Жамбыл, Жуалы, Меркі аудандары ғана айналысып, басқа аудандар қолға алмаған. Орман қорындағы жайылымдарды пайдалану бағыты бойынша елді мекеннен 28 мың бас мал шығарылып, 106, 1 мың гектар жер жалға берілді. Жалпы орман қорында 242,9 мың бас мал бағылуда. Жер есебіне сәйкес алсақ, орман қорындағы 1,7 млн гектар жайылым жердің 1 млн гектары немесе 55 %-ы ғана игерілген, - деді Көпбосынов.

Ал келесі бағыт – жер пайдаланушылар иелігіндегі жерлерге мал жаюға кедергі келтірмеу туралы олармен меморандумға отыру. Қазір басқарма тарапынан бұл құжаттың типтік жобасы әзірленіп, аудандарға жолданған екен. Мұның нәтижесінде 486,5 мың гектардан астам ауылшаруашылық алқаптарын пайдалануға келісім жасалып, жұмыс жалғасуы керек. Алайда 156 ауылдық округтің 100-імен ғана осындай келісімдер жасалса, қалған 14 округтерде жайылымға қажеттілік бола тұра, бұл шара қолға алынбай отырған көрінеді.

Жетіспейтін 683 мың гектар жайылымдықтың 213 мың гектары босалқы жерлерді елді мекендерге қосу, 199,7 мың гектары 5 шықырымдық радиустағы жерлерді ауылдық округтерге бекітіп беру, 215 мың гектары орман қоры, 252 мың гектары игерілмеген жайылымдар есебінен және 437 мың гектары меморандум жасау жолымен реттелуде. Осы сандар әр аудан бойынша индикаторлық көрсеткіштер ретінде белгіленіп, орындалуы бақылауға алынды, - деген Бахтияр Бейсембайұлы жоспардағы шаруалар мүлтіксіз орындалса, жайылым жердің жетіспеушілік мәселесі күн тәртібінен түсетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы