Студенттер Шекспирдің туындысын сахналады

19 Наурыз 2019, 14:00
2492
Бөлісу:
Студенттер Шекспирдің туындысын сахналады

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің драма театры актерлерін даярлайтын бөлімін биыл тәмамдайтын студенттер У.Шекспирдің атақты «Макбет» трагедиясын сахналады.

Ш.Құсайынов атындағы Қазақ драма театрының сахнасында. Киелі сахнада. Алғаш рет. Өмірге, өнерге құлшынған өрімдей жастар - танымал, талантты актриса Маржан Бөкешеваның шәкірттері. Қоюшы режиссері Мұратбек Оспанов.

Макбет - Бауыржан Жамшитов, леди Макбет- Хасен Әмина, Дункан- Жұмабек Ермахан, Макдуф- Сәбит Ақжол, Банко - Шакар Марат. Басты рөлдегі студенттер - осылар. Тек сыртқы кейіп қана емес, адам баласының бойындағы жақсылық пен зұлымдық, достық пен сатқындық, мансапқұмарлық, таққұмарлық сияқты сезімдер арпалысын шиыршық атып, шебер жеткізе алды олар. Қараңғыдан қайғы тілеп шыға келер үш мыстанды Ақерке Халихан, Фариза Жаңбырбай, Саяжан Ахметовалар да жақсы ойнады. Бүгінгі жасты ынтықтырар қылыштасу, жекпе-жектер тіпті керемет көрінеді. Әскери қақтығыстарды ойнағанда, жастардың спортқа бейімділіктері қапысыз байқалып тұр.

«Жастар ұлы классиктің аса күрделі шығармасын ұршықтай үйіріп, дүрілдетіп ойнады! Тәуелсіз еліміздің құнарына қанып өскен құба талдай жастар бойшаң, көркем, ойшыл. Түр-тұлғалары қанық, сөздері анық, сенімдері нық. Тәжірибелі, кәсіби, тегеурінді режиссердің қолтаңбасы ап-анық көрініп тұр. Ысылған, айтарын іс-әрекеті, қимылы, дауыс ырғағымен айызды қандыра жеткізген образдар. Оқиға желісіне елітіп, елегізіп отырған көрерменді сендіре алар көріністер, режиссерлік шешімдер», - дейді филолог Дәулет Әмірұлы.

Әрине, ұштай түсер, ширата түсер тұстар әрі-беріні түгендеп қарағанға табылмай қалмас та. Дегенмен, колледжді биыл бітіретін балалар үшін, бұл үлкен жаңалық, ірі жеңіс екені даусыз.

«Бұл жолы да режиссер М.Оспановтың жас толқынға ағалық қамқорлығын, өнер болашағына жанашырлығын сезіндік. Режиссерлік шеберханасының қандай өнім өндіре алатынын аңғардық. Аз ғана уақыттың ішінде, тек теориялық біліммен ғана қаруланған жастармен осындай, әлем таныған шығарманы шытырман тартысты етіп, сахнаға алып шығу көп нәрседен хабар беретін болса керек. Бізге бұл оқиға жап-жас жауынгердің бірден алғы шептің оты мен суынан өтіп, ақ семсердей шыңдалып шыға келгеніндей көрінді», - дейді ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев.

Өзгелердің жаңалығы