Шекарашылар 275 литрге жуық ішімдікті елімізге заңсыз енгізуге тосқауыл болды

27 Ақпан 2019, 12:37
2261
Бөлісу:
Шекарашылар 275 литрге жуық ішімдікті елімізге заңсыз енгізуге тосқауыл болды

Астана, BAQ.KZ. Қазақстандық шекарашылар өткен тәулікте 275 литрге жуық спирттік ішімдікті ел аумағына заңсыз енгізуге тосқауыл болды. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Қорғас ауылында орналасқан халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығының аумағынан Қазақстанға қарай шығар залда кеше шекара наряды 20 шөлмек (10 литр) иесіз алкоголь өнімдерін (виски) тауып «Алтынкөл» кеден бекетіне тапсырды. Сонымен бірге, әдеттегідей, тағы да 9 кг Қытайда шығарылған дәрі-дәрмек те табылды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, қордайлық шекарашылар «Мерседес-бенц» (спринтер) автокөлігімен елімізге келе жатқан 59 жастағы бір Қырғыз Республикасының азаматынан 12 шөлмек (18 литр) шарап, 38 жастағы қазақстандықтың Фольксваген пассат автокөлігінен 246,6 литр арақ тауып, актілеп, уақытша сақтау қоймасына тапсырды. 

«Бұл азаматтардың ісімен Қордай аудандық мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері айналысатын болады», - деп толықтырды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінде.

Өзгелердің жаңалығы