Бас жаңалықтар
Шекарашы сәбилерді өрттен аман алып қалған
23 Қаңтар 2019, 19:53 1215

Шекарашы сәбилерді өрттен аман алып қалған

Астана, BAQ.KZ. Қорғас шекара отрядына қарасты «Нұр жолы» шекаралық бақылау бөлімінің әскери қызметшісі, 23 жастағы Нұрақынов Ерден Мұратбекұлы бейбіт күнде ерлікке пара-пар іс жасаса да онысына өзі мән бермепті. Ол туралы бірнеше күннен кейін әлеуметтік желілер арқылы ғана белгілі болды. 

"Оқиға былай болыпты. 2019 жылдың 16 қаңтарында Жаркент қаласындағы Пушкин көшесінде орналасқан «Марат» балабақшасында аяқ астынан өрт шыққан. Кешкі сағат 17 мен 18-дің арасы. Балабақшадан сәбилерін алып кетуге ата-аналар келе бастаған қарбалас шақ. Өрт лезде күшейіп, ғимарат қою түтінге оранған" - делінген шекара қызметінің баспасөз орталығы таратқан ақпаратта. 

Дәл осы кезде 2088 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Ерден Нұрақынов жақын жерден өтіп бара жатып, өртті байқап қалады. Ойлануға уақыт жоқ, шекарашы өртенген үйге қойып кетіп, ең алдымен ас бөлмесіне кіріп, үстел үстіндегі пышақты ала салып газ плитасының шлангісін қиып, газ толған баллонды далаға алып шығады. Демін терең ала салып, қайтадан ғимаратқа кіріп электр трансформаторын тоқтатады. Одан әрі қарай түтін арасында сасқалақтаған ата-аналар мен бабаларды жалынға оранған балабақшадан шығара бастаған. Келіп жеткен өрт сөндірушілер өртті жарты сағат ішінде ауыздықтады. 

Өртенген ғимараттан құтқарылған адамдардың саны 79, олардың 59-ы сәбилер болатын. Бірнеше күн өткенде «Инстаграм» және «Whatsapp» желілерінде ата-аналар мен балабақша қызметкерлері Ерден деген шекарашы жігітке алғыстарын жаудыра бастаған кезде ғана бұл жігіттің ерлігі туралы белгілі болды. Ерден өзін ерлік жасадым деп ойламайды. Бар ойы тек сәбилерді құтқару ғана болғандығын, оның орнында болған кез-келген еркек осылай жасайтындығын айтып өтті.

Сізден жаңалық