Шекарамыздың шегенделуі ең үлкен жетістігіміз - академик

14 Мамыр 2021, 17:25
2535
Бөлісу:
Шекарамыздың шегенделуі ең үлкен жетістігіміз - академик

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Елбасы кітапханасы мен еліміздегі М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының «Тәуелсіз Қазақстан: тарих және қазіргі заман» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында Ұлттық ғылым академиясының академигі Жабайхан Әбділдин айтты.

Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсаны мен үшін рауандап атқан таңмен, күншығыспен тең. Мен кеңестік кезеңде теперіш көрген жан емеспін, лауазымды қызметтерді атқардым. Дегенмен ел перзенті тек елімен ғана бақытты. Мені кеңестік кезеңде қазақ тілінің қолданыс аясының тарылып бара жатқаны алаңдататын. Қазақ тілі тұрмыстық тіл деңгейіне түсіп кетті. Конференциялар, кеңестер орыс тілінде өтті. Екіншіден, қазақ мектептерінің оқушылары ауылда шабан болып қалатыны жанымды жаралайтын. Желтоқсан оқиғасында студенттер жастардың соққыға жығылуы да көңілді құлазытты. Сондықтан болар тәуелсіздік алғанымызда кеудемді үлкен қуаныш кернеді, - дейді ол.

Оның айтуынша, тәуелсіздік алған күннен бастап ел көптеген қиындықтарды бастан кешірді. Елдің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басшылығымен халық оны еңсере білді.

Мемлекет басшысы сол кездегі негізгі проблемаларға назар аударды. Нарықтық экономикаға бейім емес, кеңестік жүйеден қалған Жоғары кеңесті таратты. Одан кейін жаңа дәуірдегі Қазақстанның, оның ішінде нарықтық жағдайдағы елдің локомативіне айналған 140 заңды қабылдау қажырлы еңбек. Сонымен қатар Ұлттық валютаның енгізілуі тарихи дата. Өйткені сол кезде президент екі күнге кешіксе, құнсызданып кеткен рубль елді жаулап, экономикалық күйреуге тап болар едік, - дейді ол.

Академиктің айтуынша, тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістігіміздің бірі - шекарамыздың шегенделуі.

Әсіресе көршілес Ресей және Қытай елдерімен шекарамыздың айғақталып, құжат болып бекітілуі үлкен маңызға ие. Кеңестік кезеңде Ресеймен шекара Жоғары кеңестің келісімі негізінде айқындалған. Ал тәуелсіздік бізге ең үлкен құжат - БҰҰ мойындалған мемлекеттік шекара туралы келісімді бекітуге мүмкіндік берді, - деді ол. 


Өзгелердің жаңалығы