Шекарадағы оқиға. Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтатуға уағдаласты

29 Сәуір 2021, 22:24
3098
Бөлісу:
Шекарадағы оқиға. Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтатуға уағдаласты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтатуға және әскери күштерді әркім өз жерлеріне орналастыруға уағдаласты. Бұл туралы Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп мәлімдеді 24.kg.

Министрліктің деректеріне сәйкес, 28-29 сәуірде қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасында болған оқыс оқиғаға байланысты елдің Сыртқы істер министрі Руслан Казакбаев Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен және басқа да өкілдермен келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында екі ел шекарасы аумағындағы жағдайды реттеуге бағытталған тараптардың бірлескен іс-қимылы талқыланды. 

Қырғызстан мен Тәжікстан сыртқы саясат ведомстволарының басшылары қырғыз және тәжік тарапынан өлімге әкеп соққан жанжалды бейбіт жолмен, саяси-диломатиялық келіссөздер арқылы тез арада реттеу қажеттігін атап өтті. 

Руслан Казакбаевтың айтуынша, қырғыз тарапы өзге елдің шекарасына таласпайды және өз территориясын да ешкіммен бөліспейді. Осы ретте ол шекаралық және шаруашылық мәселелері қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасын демаркациялау және делимитациялау бойынша үкіметтік делегациялардың қатысуымен келіссөз барысында шешілуі қажет екенін айтты, - делінген хабарламада.

Шенеунік екі ел арасындағы сенімді нығайтудың маңыздылығын баса айтты. Әсіресе, шекара аумағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау қажет. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар арасында шиеленісті үдетуге бағытталған кез келген іс-қимылдың жолын кесу керек екенін атап өтті.

Қырғызстан және Тәжікстан Сыртқы істер министрлері арасындағы келіссөз нәтижесінде сағат 20.00-ден бастап атысты толық тоқтату және әскери күштерді әкету туралы шешімге қол жеткізілді.

СІМ басшылары көп ұзамай құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар басшыларының жеке кездесуін өткізуге келісті. Онда жағдайды тұрақтандыру мәселелері қаралады.

Сонымен қатар екі тарап шекара қызметінің аумақтық бөлімшелерінің қатысуымен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелері (облыс, аудан және ауыл деңгейлерінде) деңгейінде халық арасында бірлескен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алуға уағдаласты. 

Бұдан бөлек облыстық құрылымдар деңгейінде құқыққорғау органдарының бірлескен топтарын ұйымдастыру қолға алынбақ. Олар шекара аумағындағы елді мекендердегі жағдайды бақылайды және патрульдейді. Сондай-ақ қалыптасқан мәселені жедел шешу үшін сыртқы саяси ведомстволармен және министрлермен тікелей байланыста болады.

Сыртқы істер министрлері екі тарапты да деструктивті күштердің арандатушылығына ермеуге шақырды.

Еске салсақ, оқыс оқиға 28 сәуірде басталған еді. Оған тәжік тарапының Баткен ауданы Кок-Таш ауылының электр бағаналарына камера орнатуы себеп болды. Жергілікті тұрғындар құрылғыны шешуді талап етті. Алайда ұрыс-керіс жанжалға ұласып кетіп, тараптар бір-біріне тас лақтыра бастады. Кейіннен қару да қолданылды. Салдарынан 31 адам зардап шегіп, 1 адам опат болды.

Өзгелердің жаңалығы