Шекара бұзушылар үсіп өле жаздапты

21 Қаңтар 2019, 17:37
4394
Бөлісу:
Шекара бұзушылар үсіп өле жаздапты

Астана, BAQ.KZ. Орал шекара отрядының «Мұқатай» заставасының аумағында шекара наряды кеше күндіз Ресейден біздің елге кірген 5 өзбекстандықты ұстады. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Олардың ең үлкені 1973, ең кішісі 1991 жылғы екен. Ұсталғандар бірден Дарьинск ауылындағы аудандық емханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуы бойынша олардың біреуінің аяқ-қолдарын 3-4 дәрежелі үсік шалған. Қазіргі жағдайы ауыр. Ал екеуін 2-3 дәрежелі, тағы екеуін 1 дәрежелі үсік шалған. Қазіргі уақытта бесеуі де шекарашылардың күзетімен, Батыс Қазақстан облысының Зеленовск ауданының Дарьинск ауылындағы емханасында.

Сондай-ақ «Қорғас» шекаралық бақылау отрядының аумағында орналасқан Халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығында шекара наряды кеше кешкілік жалпы салмағы 94 кг-дан асатын 4 қораптағы Қытайда шығарылған дәрі-дәрмек тауып алды. Иесі анықталған жоқ. Дәл осындай жағдай екі күн бұрын да орын алған болатын. Ол кезде шекарашылар 152 кг-ға жуық иесіз дәрі-дәрмек тауып алған. Табылған дәрі-дәрмек актіленіп «Алтынкөл» кеден бекетіне тапсырылды.


Өзгелердің жаңалығы