Шаукенова Ауғанстандағы әлеуметтік-экономикалық дағдарысты тудырған төрт факторды атады

20 Қараша 2021, 17:05
963
Бөлісу:
Шаукенова Ауғанстандағы әлеуметтік-экономикалық дағдарысты тудырған төрт факторды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ауғанстандағы жаңа жағдай кезіндегі Орталық Азияның қауіпсіздігі және дамуы» тақырыбында ҚХР және Орталық Азия елдерінің «бестігі» талдау орталықтарының форумы өтті.

Шараны ұйымдастырушы - Қытай қоғамдық ғылымдар Академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты.

Сондай-ақ бірлесіп ұйымдастырушылар ретінде өңір елдерінің жетекші талдау орталықтары, олардың ішінде: ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Қырғыз Республикасының Стратегиялық зерттеулер ұлттық институты, Тәжікстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы, Түркіменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институты, Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты болды.

Форум Орталық Азия елдері тәуелсіздігінің 30 жылдығына, сондай-ақ 2022 жылы өтетін алдағы кезең – Орталық Азияның бес мемлекеті мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орайластырылған.

Форумның ашылу салтанатында бірқатар саясаткерлер мен мемлекеттік қайраткерлер сөз сөйледі, олардың ішінде: ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ле Юйчэн, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Вице-президенті Гао Пэйюн, Президент көмекшісі Ерлан Қарин, ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов, сондай-ақ ОА елдерінің елшілері, өңір мен Қытай елдерінің талдау орталықтарының басшылары мен жетекші сарапшылары болды.

Форумға қатысушылар соңғы 30 жылда Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы ынтымақтастық түрлі салаларда жүйелі түрде тереңдей түскенін атап өтті. БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты көпжақты тетіктер шеңберінде үйлестіру және ынтымақтастық тығыз жүргізілуде.

Іс-шара барысында Ауғанстанда болып жатқан оқиғалар контексіндегі өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар елдегі тұрақсыздық аймақ елдеріне тікелей әсер етеді және болашақта елеулі дағдарыс тудыруы мүмкін деген пікірге келді.

Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова «Ауғанстандағы жағдай және өңірлік қауіпсіздік: Қазақстаннан көзқарас» атты баяндамасында Ауғанстандағы әлеуметтік-экономикалық дағдарысты тудырған төрт факторды атап өтті.

Шетелдік әскери контингенттің, халықаралық ұйымдардың және бірқатар шетелдік елшіліктер мен өкілдіктердің кетуі, мемлекеттік басқару және әлеуметтік қызметтер тетіктерінің теңгерімсіздігі, «Талибан» қозғалысының заңдылығы мәселесі, «Талибан» қозғалысының шектеулі ықпал етушілерінің күшін монополиялау және олардың өздерінің әскерилендірілген құрылымдарына сүйену, - деді ол.

Зарема Шаукенова Қазақстан үкіметі әлемдік қоғамдастыққа осы бетбұрысты сәтте Ауғанстанды ағымдағы қиындықтармен бір-біріне қалдырмауға өтініш білдірген алғашқы мемлекеттердің бірі екенін еске салды. Біздің ел логистикалық платформаны, соның ішінде транзиттік әуе дәліздерін және бортында шетелдік азаматтары бар ұшақтарға жанармай құю мүмкіндігін ұсынды.

Сондай-ақ Қазақстан Алматы қаласында орналасқан БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп, Ауғанстан халқына кең ауқымды азық-түлік, медициналық және өзге де гуманитарлық көмек көрсетуге, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі қалпына келтіруге ниетті.

Іс-шара соңында форумға қатысушылар өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында өңір елдерінің жетекші талдамалық құрылымдары арасында тұрақты кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, іс-шараға ҚСЗИ атынан директордың орынбасары Санат Көшкімбаев және халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова қатысты.

Өзгелердің жаңалығы