Бас жаңалықтар
Шаруалар үшін жағымды жаңалық көп
22 Қыркүйек 2020, 11:56 2486

Шаруалар үшін жағымды жаңалық көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күре тамыры. Ресми статистикаға сүйенсек, халқымыздың 43 пайызы ауылда тұрады.

Қазіргі уақытта мемлекет ауыл жұртының мал шаруашылығымен және басқа да кәсіп түрлерімен айналысып, жағдайларын жақсартулары үшін жеңілдетілген несие беру арқылы мүмкіндіктер қарастырып отыр. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланғанның нәтижесінде қорасы малға толып, кәсібі өрге басып отырған ауылдықтар аз емес. Бұдан бөлек, егіс алқаптарын ерікті сақтандыру жүйесі және екінші деңгейлі банктерден несие алатын шаруалардың несиелерін кепілдендіру сияқты бірқатар жаңа жобалар іске қосылып жатыр. Осы жаңалықтарды толығырақ білу үшін «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Жандар Омаровпен сұхбаттасқан едік. 

– Жандар Даниярбекұлы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа Жолдауында «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады», деп атап өткен болатын. Осы тұрғыда сіздің пікіріңізді білсек.   

– Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Президент айтқандай, шағын бизнес дамитын болса, жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Халық мемлекетке иек артпай, өз тіршілігін өзі қамдайды. Жалқаулық, масылдық деген теріс ұғымдар болмайтын еді. Мемлекет басшысы алдағы уақытта да бизнеске барынша қолдау көрсетіле беретінін тағы еске салды. Президент елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті екенін алға тартып, шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек, деді. Осы тұрғыда айта кететін болсам, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының негізгі қызметі-шағын кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие беру. Қордан бір емес, бірнеше рет несие алып, шағын кәсіпкерлігі үлкен шаруа қожалығына айналған үлгі боларлық клиенттеріміз өте көп. 

– Осы тұста Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының несиелендіруге бағытталған бағдарламалары туралы айтып өтсеңіз. Қандай бағыттар қамтылады? 

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017 жылдан бері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асырып келеді. Осы бағдарламаның аясында ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Нақты айтар болсақ, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобалары бар. Несие жалпы 6 процентпен, ал, көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4 процентпен беріледі. Сонымен қатар, әр салаға байланысты 1 жылдан 2 жылға дейінгі аралықта жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Бұл кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жасалып отырған мүмкіндік. 

Бұдан бөлек, мал шаруашылығын дамытуға арналған тағы бір жобамыз бар. Ірі қара, қой, түйе, жылқы шаруашылықтарына 10 жылға 30 млн теңгеге дейінгі сомада несие беру қарастырылған. Бұл жеке кәсіпкерліктерге, шаруа қожалықтарына және фермерлік шаруашылықтарға бағытталған бағдарлама. Несие субсидияны есептегенде 6 процентпен беріледі. Екі жылға дейінгі жеңілдік мерзімі бар. Несиені тоқсан сайын немесе жарты жылда бір төлеп тұруға болады. Бұл жерде фермердің айналысатын шаруасына қарай және шаруаның мүмкіндігіне қарай төлем кестесі жасалады.  

Осы орайда тағы бір айта кететін жеңілдік бар. Егер шаруа асыл тұқымды ірі қара мал сатып алатын болса, кепілдікке 25% жеке меншік мүлігін қояды, қалған 75%-ке сатып алған малды кепілге қоюға болады. Бұл шаруаларға өте тиімді болады, деп есептейміз. Біріншіден, кепілдік мәселесі шешіледі, екінші сапалы асыл тұқымды мал басын көбейтеді.   

– Өз кәсібін ашқысы келетін ауылдық несиеге қалай қол жеткізе алады? Ол үшін не істеу керек? 

– Несиеге қол жеткізудің алгоритміне қысқаша тоқталып өтейін. «Еңбек» бағдарламасы аясында шағын несиені жұмыссыз азаматтар және жеке кәсіпкерлер ала алады.  

Егер жұмыссыз азамат болса, жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, ол жерден «Бастау» жобасы бойынша бизнес негіздерін оқу курсынан өтуі тиіс. Содан кейін ол жерден алған сертификаты мен бизнес-жоспарын бізге көрсетіп, ары қарай несиеге өтінім қалдырады. 

Ал кәсібін 3 жылдан астам уақыт жүргізіп келе жатқан жеке кәсіпкер бизнесін кеңейткісі келсе, бірден келіп өтінім қалдыруына болады. Тек, қосымша бір жұмыс орнын ашуы тиіс. 

Осы тұста айта кетейін, несие алушыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, өтінім берушінің несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек. 

– Елімізде шағын несие алып, мал шаруашылығымен айналысып жатқандар көбейіп келеді. Олардың несиеге қол жеткізу процесін жеңілдету немесе жетілдіру жөнінде атқарып жатқан қандай жұмыстарыңыз бар? 

– Сұрағыңыз өте орынды. Бүгінгі таңда барлық салада процестерді оңтайландыру, автоматтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үрдістен біз де қалыс қалған жоқпыз. «ҚазАгро» холдингі басшылығының бастамасымен несие беру процесін автоматтандыру жұмысын қолға алдық. Дәл қазіргі уақытта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 4 млн теңгеге дейінгі несиеге өтінім қабылдау www.online.fagri.kz порталы арқылы онлайн қабылданып жатыр. Әзірге Ақмола және Алматы облыстарындағы филиалдарға тесттік режимде енгіздік. Осы арқылы несие алушы «Еңбек» бағдарламасының талаптарына сәйкестігін тексеруге өтінім жібере алады. 

Айта кету керек, бұрын 10-13 құжат жинау талап етілген болса, қазір тек өтінім берушінің жеке куәлігі, электронды цифрлық қолтаңбасы және кепілдікке қоятын мүлігінің құжаты ғана қажет. 

Өтінімді алдын ала мақұлдау шешімі 15 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта қабылданады. Ал, өтінімді одан әрі қарау мерзімі 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін қасқарады.   

– Білуімше, биыл Қор егіс алқаптарын ерікті сақтандыру жүйесін іске қосты. Алғашқы нәтижелері де бар екен. Осыған тоқталып өтсеңіз.   

– Дұрыс айтасыз, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры егіс алқаптарын құрғақшылықтан және топырақ ылғалының артық болуы салдарынан сақтандыру жүйесін іске қосты. Өйткені, Қор осы жүйенің операторы. Өздеріңізге белгілі бұрын міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеген болатын. Биыл ерікті сақтандыру жүйесін іске асыру жөнінде жаңа заң қабылданып, қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа сақтандыру жүйесі үйден шықпай-ақ сақтандыру шартын жасасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлер мемлекеттік субсидияның көмегі арқылы сақтандыру шығындарының жартысын өтеп алды. Биыл егіс алқаптарын сақтандырған фермерлер алғашқы төлеміне қол жеткізді. 

– Шаруалар сақтандыруға өтінімді қалай береді, нақты механизмін айтсаңыз. 

– Сақтандыру шартын жасасудан бастап сақтандыру жағдайын тіркеуге дейінгі процесс WWW.QOLDAU.KZ платформасындағы «Agroinsurance» ақпараттық сервисінде жүзеге асырылады. Осы жерде айта кету керек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыру, тәуекелдерді азайту және салаға инвесторлар тарту үшін сақтандыру сыйақыларын субсидиялайтын мемлекеттік қолдау қарастырылған. Шарт жасасқан соң фермер сақтандыру сыйақысы сомасының тек 50%-ын төлейді, қалған бөлігі мемлекеттік қолдау есебінен төленеді. 

Нақты айтар болсам, биыл маусым айында 60 шаруашылық егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандырды. Сақтандыру сыйақысы 199 млн теңгені құрады. Оның жартысы мемлекеттік субсидияның көмегімен төленді. Нәтижесінде 47 шаруашылық жалпы сомасы 491 млн теңге болатын сақтандыру төлемін алды. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады.   

– Тағы бір жаңалықтарыңыз бар екен. Егер шаруалар екінші деңгейлі банктерден несие алатын болса, оның елу пайызын кепілдендіруді қолға алыпсыздар. Бұл қалай іске асады және қандай бағыттар қамтылады?   

– Бұл да біздің биылғы айтулы жаңалықтарымыздың бірі. Өздеріңіз білесіздер, екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға бара бермейді. Кейінгі кездері бұл көрсеткіш күрт төмендеп кетті. Мысалы, 2014 жылы салаға банктер 431 млрд теңге бөлген болса, 2019 жылы қаржыландыру көлемі бес есеге төмендеп, 89 млрд теңге ғана болып қалды. Сол себепті, біз банктердің шаруаларға да несие беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында осындай кепілдендіру саясатын қолға алдық. Бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдейтін шаруалардың несиесін кепілдендіру механизмі басталды. Бұл механизмнің негізгі мақсаты – екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына несие беруін ынталандыру, банктердің несиелік тәуекелдерін бөлу және Агроөнеркәсіп саласын қаржыландырудың тартымдылығын арттыру. 

Дәл бүгінгі таңда «АТФБанк», «НұрБанк», «БанкЦентркредит», және «РБКбанк» акционерлік қоғамдарымен меморандумға қол қойдық. Қазірдің өзінде кепілдендіруге өтінім берген фермерлер бар. 

Бұл жобаға кімдер қатыса алады дегенге келер болсақ, кепілдендіру жүйесіне екінші деңгейлі банктердің несиесі арқылы инвестициялық жобаларды іске асырып келе жатқан және іске асыруды жоспарлаған фермерлер мен жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Яғни, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, фермерлік шаруашылықтар, шаруа қожалықтары және тағы басқалар. Кепілдендіру шартына сәйкес, жылдық мөлшерлемесі 17%-дан жоғары болмайтын 3 млрд теңгеге дейінгі несие сомасының мерзімі 10 жылдан аспауы тиіс. Кепілдендіру Агроөнеркәсіп кешеніндегі және тамақ өнімдерін өндіру қызметінің барлық түрлері бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға беріледі. 

Сондай-ақ, кепілдендірілетін басым инвестициялық бағыттарды атап өтуге болады. Олар: тауарлы сүт фермалары, етті құс шаруашылығы, қарқынды бақтар, жылыжайлар, қант қызылшасын өсіру және қызылша қантын өндіру, жарма өндірісі, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу, өсімдік майы мен май өнімдерін өндіру жобалары. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры несие сомасының 50%-на дейін кепілдендіреді. Басым инвестициялық жобалар іске қосылғанша кепілдік мөлшері 85%-ға дейін болады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кепілдік мөлшері 50%-ға дейін төмендейді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өте тиімді тетік болары сөзсіз.

– Пандемия кезінде көптеген кәсіпкерлердің жұмысы тұралап қалғаны белгілі. Әсіресе бизнес саласында қызмет атқаратындарға оңай тиген жоқ. Сіздердің жұмыстарыңызға қаншалықты кері әсер етті?   

– Дұрыс айтасыз. Дүние жүзін шарпыған пандемия тіпті әлемдегі алпауыт мемлекеттердің экономикасына ауыр соққы болғаны рас. Бізге де кері әсер етпеуі мүмкін емес жағдай ғой. Бірақ біз соған қарамастан тоқтаусыз жұмыс істедік. Қызметімізді жылдағыдан кем атқарған жоқпыз. Қандай шектеулер болғанына қарамастан ретін тауып, барынша белсенді жұмыс істедік, деп айтуыма толық негіз бар. Халықтың дер кезінде несие алуларын қамтамасыз етіп, қолдау көрсеттік. Бүгінгі таңда «Еңбек» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 24,8 млрд тенге болатын 6 315 кәсіпкерге несие берілді. Бұл пандемия жағдайында үлкен көрсеткіш. 

Сонымен қатар айта кететін бір жайт бар. Осы пандемия кезеңінде кәсіпкерлерге жеңілдік жасап, төлемдерін кейінге шегердік. Алғашында наурыз айынан маусым айына дейін шегерілген, одан кейін қыркүйек айының 15-іне дейін тағы ұзарттық. Бұл да кәсіпкерлер үшін үлкен көмек болды. Бір сөзбен айтқанда, Қор әрқашан өз клиенттеріне барынша қолдау көрсетеді.   

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын!
   


Фото: дереккөз
Загрузка...