Шариғатта бір кісінің құрбандығын екінші кісі атқара алады – имам

28 Шілде 2020, 12:21
1322
Бөлісу:
Шариғатта бір кісінің құрбандығын екінші кісі атқара алады – имам

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Құрбан шалу рәсімі онлайн режимінде өтетін болды. Осыған орай, елордадағы "Нұр-Астана" орталық мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов пікір білдірді.

Дүние жүзіндегі дамыған елдерде заманауи технологияларды пайдалана отырып, онлайн құрбан шалу тәжірибесі бар. Біздің діни басқарма да осы қолданыста бар тәжірибеге сүйене отырып, еліміздегі жағдайды ескеріп qurban2020.kz сайты арқылы құрбандық шалуға онлайн тапсырыс қабылдау туралы бастама көтеріп отыр. Аталған сайтта, құрбан шалуға тапсырыс берумен  қатар, мұқтаж жандар да өз хақысын, яғни, құрбандық етінен алуға тапсырыс бере алады, – дейді бас имам.

Оның айтуынша, шариғатта бір кісінің құрбандығын екінші кісі өкілдік ету арқылы жүзеге асыруға болады.

Мәселен, жыл жайын Меккеге миллиондаған кісі қажылық парыздарын өтеуге барады. Ал, қажылықтың бірден бір діни рәсімі құрбандық шалу. Бірақ, миллиондаған адам өздері барып құрбандық шалмайды. Осылай өзге кісілерге тапсырыс беріп, өкілдік арқылы шалынады. Құрбан шалатын өкіл рәсімді орындап, құрбан шалынды деп хабарлағаннан кейін барып, шаш алдыру секілді қажылықтың өзге де діни рәсімдерін жасай бастайды. Сондықтан, қазіргідей қиын жағдайда дерт өршіп кетпес үшін бұл тәсілді біздің де қолданғанымыз дұрыс шешім, – дейді елордадағы "Нұр-Астана" орталық мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов.
Өзгелердің жаңалығы