Бас жаңалықтар
Шәпкенов елорданың әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарын аралады
02 Қазан 2021, 19:17 2758

Шәпкенов елорданың әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарын аралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Нұр-Сұлтан қаласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсетілетін бірқатар әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарын аралады.

ҚР Еңбекмині басшысының жұмыс сапары KUNDE CAFE-сіне барудан басталды. Бұл ментальды даму ерекшеліктері бар қазақстандықтарға тәуелсіз өмір сүруге үйренуге және дос табуға көмектесетін бірегей жоба. Кафеге жұмысқа тұру мүгедектігі бар адамдарға өмір сүру сапасын жақсартуына, базалық дағдыларды үйренуіне және табыс табуына көмектесіп қана қоймай, денсаулықтарына да оң әсер етті – қоғамда әлеуметтену 30 адамды емдеуге жатқызу санының 5 есеге қысқаруына алып келді.

Министр барған келесі нысан мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін «Жібек» тігін цехы болды.

Сонымен қатар, Серік Шәпкенов психикалық ауытқулары бар балаларды (АСБ, КПД, ПСК, НЖГБ, алалия, дислексия және т.б.) түзету мен дамытуға, сондай-ақ мектепке барар алдындағы және мектепке баратын жастан кіші балаларды дамытуға бағытталған «ABAQUS-DARYN» жеке түзету-дамыту орталығының жұмысымен танысты.

«ABAQUS-DARYN»-де балалармен психологтар, дефектологтар, логопедтер, ЕДШ тренері, тәрбиешілер, ава-терапевтер, эрготерапевтер, бастауыш сынып мұғалімдері жұмыс жасайды. Сабақтар жеке және топтарда өткізіледі, әр баланың жеке оқу бағдарламасы бар.

Орталық жұмысының негізгі әдісі АВА-терапия болып табылады – бұл мінез-құлық технологиялары мен оқыту әдістеріне негізделген қарқынды оқыту бағдарламасы. Оның көмегімен мінез-құлықты түзетуге, өзін-өзі күту дағдыларын үйретуге және сөйлеу дағдысын дамытуға болады.

Сондай-ақ орталықта ата-аналарға балаларымен өз бетінше жұмыс істеу және үй тапсырмасын орындау үшін АВА-терапия негіздерін тегін үйретеді.

«ABAQUS-DARYN» орталығында жұмыс істеген уақыт ішінде 500-ден астам бала даму және оқыту курсынан өтті. Барлығының жақсы нәтижелері бар.

Жоғарыда аталған бизнес-жобалардың құрылтайшыларымен әңгімелесу барысында министр олардың жүргізіп жатқан жұмыстарының және жалпы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші кезектегі міндеттерінің қатарына жатады. 2020 жылы әлеуметтік төлемдерге, техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 455 млрд теңге бөлінді, ағымдағы жылы осы мақсаттарға 486 млрд теңге көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде тыныс-тіршіліктің барлық бағыттары бойынша шаралар кешені қабылдануда - деді министр.

Алушыларға ыңғайлы болу, оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді жақсарту үшін 2020 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы  іске қосылды.  Қаңтар айынан бастап оңалтудың техникалық құралдарының барлық 55 түрі порталға көшірілді.

Өткен аптада Парламент азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруға бағытталған заң қабылдады. 

Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманың рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында біз мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы айдың өзінде жоба Қазақстанның 6 өңірінде пилотты түрде іске қосылады. Оны іске асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанцияларға баруын және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланыс жасауын болдырмауға мүмкіндік береді. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру процесінде кедергісіз орта құрумен қатар олардың қоғамға әлеуметтенуі өте маңызды мәселе болып табылады. Бұл бағытта әлеуметтік кәсіпкерліктің маңызы зор. Жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін, бизнестеріңіздің одан әрі табысты болуына және дамуына тілектеспін. Қазақстанда осындай жобалар жыл сайын көбейе берсін, – деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Фото: дереккөз
Загрузка...