Шанхайда алғаш рет Абай оқулары өтті

13 Маусым 2021, 04:34
1244
Бөлісу:
Шанхайда алғаш рет Абай оқулары өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық және білім  саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ ұлы Абайдың әдеби және музыкалық мұрасын насихаттау негізінде Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы Шанхай кітапханасымен бірге Қытайдың маңызды мәдени және экономикалық орталығында алғашқы «Абай оқуларын» өткізді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.


Ашылу салтанатында Қазақстанның Бас консулы Рахымжан Рахимов, кітапхана директоры Чэн Чао және (Бейжіңнен бейнебайланыс арқылы) Қытайдың белгілі жазушысы, Абай шығармаларының аудармашысы Ақбар Мәжит құттықтау сөз сөйледі. Абай оқуларының бағдарламасына Қазақстан, Қытай және Ресей азаматтары бірнеше тілде ұсынған Абайдың танымал әдеби және музыкалық шығармалары енді. Қытай тарихшысы және саясаттанушысы Азат Изоллаұлы «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінен үзінді оқыды. Қытай әншісі Лин Бао мен ресейлік әнші Николай Шамов «Көзімнің қарасы» және «Айттым сәлем Қаламқас» әндерін қазақ тілінде орындады.

Қытайлық антрополог-ғалым Чжан Шань домбыра мен сыбызғыда асқан шеберлікпен өнер көрсетті. Іс-шара аясында Бас консулдық кітапхананың қорына Абай шығармаларының қытай тілінде жарық көрген басылымдарын табыстады. Жалпы, алғашқы Абай оқулары Қытай тұрғындарын ұлы ақын, ойшыл және композитордың шығармаларымен жақынырақ таныстыруға мүмкіндік беріп, қатысқан қонақтардың жоғары бағасына ие болды.

Атап айтқанда, Шанхай саяси ғылымдар және құқықтану университеті жанындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Ли Синнің айтуынша, Абай шығармаларында терең мағына бар және өткен әдеби басқосу оның өлеңдері мен әндерімен жанды орындауда танысуға тамаша мүмкіндік берілді.

Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Пан Давэй пікірінше, өткізілген іс-шара Қазақстан мен Қытай арасынадғы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайтуға оң септігін тигізеді. Шанхай шет тілдер университетінде Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты Орталық Азия тілдері факультетінің деканы У Айчжун ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, болашақта жаңа да бірлескен мәдени-білім беру іс-шараларын өткізуді қолдауға дайын екендігін білдірді.

Бірінші Абай оқуларына Шанхай және Нинбо қалалары, Чжэцзян провинциясы халық үкіметтерінің сыртқы байланыстар басқармаларының, Шанхай шет елдермен достық қауымдастығының, Шанхай қаласының Халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитетінің,

Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясы, Шанхай халықаралық зерттеулер академиясы, Шанхай саяси ғылымдар және құқықтану университеті, Шығыс-Қытай педагогикалық университеті және Шанхай шет тілдер университеті сияқты ірі ғылыми зерттеу және білім беру орталықтарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Өзгелердің жаңалығы