Шамалғандағы апат: Жарақат алғандардың кім екені белгілі болды

16 Қыркүйек 2019, 12:36
3504
Бөлісу:
Шамалғандағы апат: Жарақат алғандардың кім екені белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл мәліметпен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр бөлісті.

«Зардап шеккендер: 1986 жылы туған Эльвира Жәнібекова мен оның 2014 және 2016 жылғы екі қызы. Эльвира Жәнібекова Алматы локомотив депосының қызметкері. Қазақстан теміржолы компаниясы оған барынша көмек жасайды. Оның емделуі мен одан әрі оңалуына қолдау көрсетеді», - деді Роман Скляр.

Министрдің айтуынша, қазір оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылған.

Атап өтсек, кеше Алматы облысы Шамалған станциясында «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызы мен «Алматы - Шамалған» бағытындағы автобус соқтығысты. Апат түсірілген видео да жарияланды. Бейнежазбадан шлагбаум алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұрғанын көруге болады. Осы сәтте жолаушылар пойызы келіп автобусты қағады. 

ҚТЖ басшысының кеңесшісі Руслан Иманқұловтың мәліметіне сәйкес, автобус жүргізушісі сигналды елеместен пойыз жүретін жолға шығып кеткен. 

Жол көлік оқиғасынан 1 адам мерт болып, 9 адам жарақаттанған. Қаза болған - автобус жүргізушісі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған автобус жүргізушісінің туыстарына көңіл айтты.

Ал Ішкі істер министрлігі 3 жолаушының аудандық ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.

Одан кейін қайтыс болған жігіт 1979 жылғы екені белгілі болды. 2014 және 2016 жылғы балалар мен 33 жастағы әйелдің Қарасай аудандық емханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқаны да анықталды.

Кейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жолаушылар пойызының машинисі жедел тежегішті іске қосқанымен, арақашықтықтың аздығынан қақтығыстың алдын ала алмағынын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы