Бас жаңалықтар
Кенжебек Әбдімәуленов, радио ардагері: Шалқар радиосы – ұлттың айнасы
Серіктестік материал
21 Қараша 2019, 12:50 353

Кенжебек Әбдімәуленов, радио ардагері: Шалқар радиосы – ұлттың айнасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ғасырға жуық тарихы бар Қазақ радиосының қара шаңырағына айналған "Шалқар" ұлттық арнасы бүгінде өз тыңдаушысын қалыптастырып, өз алдына дербес радиоарна ретінде дамудың жаңа, тың бағытына сүрлеу салды.

Осы уақыт аралығында Шалқар шаңырағына талай дарынды, талай даңқты, талай атақты таланттар ат басын тіреді. Бірі бағдарлама қонағы болып келсе, бірі журналист, енді бірі қарапайым техник ретінде еңбек етті.

Бүгінде ұлттың рухани қайнары, қазақтың қоңыр әуен, қойторы болмысына айналған Шалқар радиосына бір кездері мүйізі қарағайдай, қазақ радиожурналистикасының қайраткерлері басшылық жасаған.

Біз бүгін осыдан 40 жыл бұрынғы Шалқар арнасының қандай болғанын, бүгінгі радиодан артықшылығы мен кемшілігі, ол кездегі тыңдаушы мен бүгінгі тыңдаушының айырмашылығы жайлы сөз етпекшіміз.

Осы орайда 1982 жылы Шалқар радиосына тілші болып қабылданып, кейіннен бас редакторы қызметін атқарған Кенжебек Әбдімәуленов ағамызды әңгімеге тартқан едік.

- Кенжебек аға, Шалқар радиосына қалай келдіңіз?

- 1982 жылы Шалқар радиосының ақпараттық-сазды бағдарламасына редактор болып қабылдандым. Ол кезде бес минут жаңалық берсең, қалған жиырма бес минутты концертпен толтырасың. Жаңалықтарға облыстағы тілшілер телефон арқылы толассыз ақпарат жіберіп отырады. Қазіргі кездегідей тікелей эфирге қосылу мүмкін емес.

- Тікелей эфирге ешкім қосылмай ма сонда?

- Тікелей эфир деген болған емес. Себебі, ол кезде қырағы цензура деген бар еді. Қазақстанның Халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Сауық Жақановалар біз дайындап берген мәтінді нақышына келтіріп оқып береді. Ал журналист ешқандай хабарға араласа алмайды. 1986 жылдан кейін ғана қатаң іріктеуден өтіп барып, біз эфирге араласуға мүмкіндік алдық. Іріктеуде сарапшы болып комитеттің төрағасы, оның орынбасарлары, т.б. түгел отырады. Мен университетте емтихан тапсырғанда олай қиналмаған шығармын. Сондай сұрыптаудан өтіп барып, бір редакциядан келесі бір редакцияға ауысатын едік. Шалқарда мен істемеген редакция жоқ. Барлығында осы қатаң іріктеуден өттік.

- Сол кездегі тыңдарманның талғамы жайлы айтыңызшы. Мысалы, бәленшенің әнін беріңіздер, түгеншенің күйін тыңдағымыз келеді деп хабарласатын тыңдаушылар болды ма?

- "Бәрі де адам үшін" деген бағдарлама болды. Оның ерекшелігі, хабарда күнделікті тұрмысқа қажеттіден бастап, денсаулық, білім-ғылым, қызмет көрсету, т.б. барлығы қамтылатын. Қазіргідей тікелей эфир болмағандықтан, тыңдаушылар көбінде редакцияға қоңырау шалатын немесе хат жазатын еді.

- Қазіргі кездегі айдарлар мен сол кездегі айдарларды салғастырып айта аласыз ба? Меніңше, ол кездегінің көбі партиялық тапсырмаларды ғана орындайтын айдарлар болған секілді...

- Әрбір айдардың, бағдарламаның өзінің алар орны мен мақсаты болды. Уақыттың талабына сай хабарлар дайындалды. Сен айтып отырған партиялық тапсырмалардың орындалуы туралы "Бес жылдық белестері" хабарын қазіргі бағдарламалармен салыстыруға келмейді.

- Сіздердің кезден бері жалғасып келе жатқан жаныңызға жақын қандай хабар бар?

- Біз қызмет істеген кезден бері үзілмей келе жатқан хабар – "Атадан қалған асыл сөз". Таңертең радио ауа райын хабарлап, сосын "Атадан қалған асыл сөз" эфирге шығатын. Осы үрдіс қазір де сақталған.

Жақында Шалқар радиосына арнайы бардым. Бабалардың көкейге қонымды, көңілге сіңімді сөздері эфирден әлі беріп келеді екен. Шалқардағы журналистердің жұмысына сүйсініп қайттым. Бабалар сөзі бүгінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, тыңдаушысына терең ой салады.

- Шалқар радиосын басқарғанда басшы ретінде қандай өзгеріс жасай алдыңыз?

- Шалқар радиосына басшы болып келген соң дикторлардың барлығын жүргізушілікке ауыстырдым. Жүргізушінің тиімділігі, барлық бағдарламаны бір ғана диктор оқып отырмайды. Әркім өз бағдарламасын өзі жүргізеді. Қазір сол жүйе бойынша жұмыс істеп жатыр.

- Кейде радиода ң-ға тілі келмейтіндер жүргізуші болып жүреді. Сіздің дикторлықты жүргізушілікке ауыстыруыңыздың кемшілігі емес пе бұл?

- Телеарнаны қарап, радионы тыңдап кейде қарадай қарның ашатын кездер болады. Тілдік мүкісі бар жүргізушіні басшылық эфирге жолатпауы керек.

- Елімізде саусақпен санарлық қана радио бар. Оның ішінде ұлт руханиятына көбірек көңіл бөлетіні осы – Шалқар. Сіздің ойыңызша, Шалқар қазақтың рухани сұранысын қанағаттандыра алып отыр ма?

- Бүгінгі күннің талабына сай рухани сұранысымызды Шалқар радиосы қанағаттандырып отыр. Мұны зейнеткер-тыңдарман ретінде бар жауапкешілікпен айта аламын. Шалқардың хабарларында "Рухани жаңғыру", тарих, өнер, әдебиет, мәдениет т.б. толығымен қамтылған. Оған күмән жоқ. Десе де, тарихи тұлғаларымызды әлі де насихаттауымыз керек. Өмірден өткен жандарды ғана емес, қазір ортамызда жүрген, көзі тірі тұлғаларымыздың дауысын жазып алып, "Алтын қорда" сақтай білгеніміз жөн.

Шалқар ұлттың рухани сұранысын қанағаттандырып отырғандығына тағы бір дәлел, халық әндері мен күйлеріміз, дәстүрлі әндеріміз, халық композиторларының әндері мен күйлері, ұлт тарихына қатысты ұлағатты ойлар, елдігіміздің алтын арқауы болған ата тарихымыз Шалқар радиосының эфирінен үздіксіз беріліп келеді. Бұны құлағы түрік тыңдаушы жақсы біледі.

- Шалқар радиосының бір апталық эфиріндегі қандай тұщымды бағдарламаларды атар едіңіз?

- Соңғы кездері Шалқар радиосының "Алтын қордағы" тың дүниелерді жарыққа шығарып, тыңдарманға ұсынуы қуантады. Радионың "Алтын қорына" қайбір жылдары жазылып алынған тарихи тұлғаларымыздың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, әдебиет, кино және театр әлемі жұлдыздарының дауыстарын  "Алтын қордағы тұлғалар дауысы" айдарымен жүйелеп беруі тың дүние деп білемін. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін аса маңызды. Елге, жерге еңбегі сіңген ұлт қайраткерлерін ұлықтау парыз, оларды қазіргі буын білуі міндет.

Сондай-ақ, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Амангелді Сенбин, Әлібек Дінішев сынды тағы басқа біртуар талант, біршоғыр аға буынның сағындырған сағым үні Шалқар радиосының әуе толқынынан күнделікті әрі тұрақты түрде "Алтын қордан" ән тыңдайық!" деген жаңа айдармен тарап жатыр екен. Жақында осы айдармен берілген Роза Бағланованың орындауындағы радиомыздың "Алтын қорына" 1972 жылы жазылып алынған "Ақмаңдайлым" (өлеңін жазған М.Әлімбаев, әнін жазған Ш.Қалдаяқов) әнін тыңдап, керемет күйге бөлендім. Сонымен қатар, Шалқар радиосының жаңа жобасы - әуе толқынынан күнделікті әрі тұрақты түрде тарап жатқан "Алтын қордан" күй тыңдайық!" атты роликтер де тыңдарманның бойына ұлттық рух пен ерекше ләззат сыйлайды.

Ал жадымызды жаңғырту мақсатындағы Шалқар радиосының ұлттық мәдениет, әдебиет, тарих, салт-дәстүрлерімізден т.б. сыр шертетін роликтер сериясы тыңдарманға қажетті дүние. Бұл тарихи танымдық "Асыл мұра" атауымен эфирден беріліп жатқан роликтердің қазақтануға қосар үлесі қомақты болмақ. Осындай жан жадыратар жақсы дүниелерді Шалқар радиосынан тыңдап, тынысың кеңейіп қалатыны анық.

- Шалқар радиосында сізге ерекше ұнайтын бағдарлама қандай?

- Жас келген сайын артымызға қарап, кешегі өткенді сағына еске алады екенсің. Содан болар, "Алтын қордан" берілетін бағдарламалар жаныма жақын. "Алтын қордан күй тыңдайық", "Алтын қордан ән тыңдайық", "Алтын қордағы тұлғалар дауысы", "Күй құдірет" қатарлы айдарлар мен хабарлар жүрекке жылы тиеді.

- Кенжебек аға, қазіргі кезде 20 минутты қойып, 10 минут күй тыңдап отыратын тыңдаушы бар ма бізде?

- Бар.

- Кім ол?

- Ауыл толық тыңдайды. Шеттегі қазақтар толық тыңдайды. Себебі Шалқар бүгінде еліміздің барлық өңіріне тарайды және шеттегі қазақтар да тыңдауға мүмкіндік алып отыр. Ауылдағы қариялар, ата-әжелер жиі қоңырау шалып тұратыны содан.

- "Алтын қор" туралы айтып отырсыз ғой. Сіздердің кездеріңізде радиоға ән қалай қабылданатын еді?

- Қатаң түрде, тек қана көркемдік кеңестің шешімімен қабылданатын. Содан кейін ғана ол ән радиодан берілетін.

- Көп тыңдаушының әнге көңілі толмай жатады. Қазіргі кезде Көркемдік кеңес бар ма?

- Көркемдік кеңес қазір де жұмыс жасап отыр. Тек қазір әнге деген талғам өзгеріп кетті. Содан соң қазір жақсы ән өте аз. Сан болғанмен, сапа жоқ. Сосын бұл мәселеде түрлі пікірлердің болуы заңдылық.

- Әңгімеңізге рахмет!

Фото: BAQ.KZ
Загрузка...