Шалғай ауылдың оқушылары мектепке барып оқиды

3 Сәуір 2020, 18:04
3287
Бөлісу:
Шалғай ауылдың оқушылары мектепке барып оқиды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елдегі төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысының қашықтан оқыту бойынша атқарылған шаралар туралы бүгін өткен баспасөз брифингінде адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев аймақта жалпы қашықтықтан оқытумен қамтылатын оқушылардың саны 479 246 екенін айтып өтті.

Айта кетейік, облыс көлемінде 909 мектепте 488 182 оқушы білім алады.

Қашықтықтан оқыту дегенде ең алдымен бірнәрсені түсініп алу керек, жұртшылық көбіне қашықтан оқыту дегенді онлайн оқытумен шатастырып жатады. Онлайн оқыту үшін міндетті түрде компьютер, интернет, арнайы платформалар болуы тиіс, яғни ол жерде бір шетінде мұғалім, екінші жағында оқушы болады. Ал қазіргі таңда төтенше жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес төмендегідей нұсқаулықтар берілген. Қашықтықтан оқыту деген – ең бірінші телеарналардың және телерадиолардың, "Қазпоштаның" көмегімен оқыту. Ал интернет пен электронды құрылғылар қамтамасыз етілген аймақтарға онлайн режимде оқытуға рұқсат беріліп отыр, - деді Рақымбек Қуатбекұлы.
Оның айтуынша, бүгінде облыста 115 шағын мектеп бар, мұнда оқушылар саны 5-180-нен аспайды. Аталған шағын жинақы мектептің 8936 оқушысы алдағы уақытта дәстүрлі түрде оқуын жалғастырады. Мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталатын болады.
Бірінші кезекте міндетті түрде дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі және оқушылар бір мезетте келмес үшін сабақты екі не үш ауысымды етіп жоспарлап отырмыз. Сабақтардың саны 30 минутқа қысқартылып, тек негізгі деген пәндер ғана оқытылады, - деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, барлық аудандағы 420 460 оқушы "Балапан", "Еларна", облыстық телеарналар, "Қазақ радиосы" арқылы, 1365 оқушы "Қазпошта" арқылы, ал қала орталықтарындағы мектептің 57 421 оқушысы "Bilimland", "Daryn online" білім беру платформалары мен ZOOM бейнеконференция байланысы және баламалы мессенджерлер Telegram, whatsapp арқылы оқытылады. Ал мұғалім барлық жағдайда "Күнделік.кз" арқылы оқушылардың білімін қадағалап, бағалайтын болады.

Қашықтықтан оқытуға телеарналар көмектеседі. Яғни "Балапан" арнасындағы бағдарламада қазақ мектебінің оқушылары таңғы 8.30-ден кешкі 17.00 дейін сабақтарын оқыса, "Еларна" арнасындағы бағдарламада орыс мектебінде оқитын оқушылар үшін
сағат 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін сабақтар жүргізіледі. Қосымша "Қазақ радиосында" осы контенттің мазмұны жарияланып, қолжетімді болады. Ал шалғайда жатқан ауыл оқушылары тек "Қазпоштаның" көмегімен оқиды. Мұнда "Қазпоштаның" қызметкері
аптасына бір рет пән мұғалімінен тапсырмаларды алып, үйді үйге таратып береді. Оқушылар тапсырманы орындап болғаннан кейін, пошта қызметкері жинап алып, қайтадан сол мұғалімдеріне апарып береді. Мұндай оқушылар саны 1367 құрап отыр, -
деді Р.Жолаев.
Брифинг барысында басқарма басшысы онлайн оқыту жүйесіне де тоқтала кетті. Оның сөзінше, интернет пен компьютер құрылғылары қолжетімді мектептер БҒМ тарапынан дайындалып, сараптамадан өткен бірқатар білім платформаларына жүгіне алады. Атап айтқанда, елімізге танымал мықты педагогтардың 3000-нан аса сабақтарын қарап, кері байланыста мұғалімнің көмегімен өте тиімді сапалы білім ала алады.

Әрине, бір мезетте онлайн платформаға қаншама оқушы кіретін болса күші жетпейді. Осыған байланысты, 1 сәуір күні алғашқы сынама өткізіліп, кемшіліктер анықталды. Оқушылар платформаға кіріп, өзінің тапсырмасын сол жерде жүктеп, кері байланыста
мұғалімге жіберіп отырады. Сондай-ақ, басқа аудан орталығындағы мектеп-гимназиялар да сынып жетекшілерімен келісе отырып, онлайн плафтормалармен сабақ өтуіне мүмкіндігі бар. Себебі, мұнда білімнің мазмұны, сапасы, кері байланыс өте жоғары. Оған қосымша Білім және ғылым министрлігі тарапынан сабақтар ютуб желісінде де қолжетімді болмақ. Ютубты білмейтін бала жоқ, үш жасар баланың өзі мультфильм қарай алады. Сонымен қатар, осы мүмкіндіктерге қосымша облыс және аудан көлеміндегі телеарналармен келісімшарт меморандумдары түзілді. Олар "Балапан" арнасындағы сабақтарды кешкі уақытта сенбі, жексенбі күндері қосымша қайталап беріп отырады. Бұл да білім алатын балаларға қосымша көмек, - деді Рақымбек Жолаев.
Тағы бір айта кететін жайт, адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы білім басқармасына қарасты облыстық әдістемелік орталықтың мамандары мен Түркістан, Кентау қаласындағы және облыстық мамандандырылған "Дарын" мектептеріндегі мұғалімдердің сабақтарын қашықтықтан оқытуды насихаттау, белгілі танымал мұғалімдердің еңбектерін көрсету мақсатында жергілікті арналардан беріліп отыратынын айта кетті. Айтуынша, бұл сабақтар көбіне 11 сынып түлегіне арналған, яғни ҰБТ тестісіне дайындалуға бағытталған.
Тек Қазақстан ғана емес әлемнің көптеген мемлекеті қашықтан оқытуға көшті. Бұл ешкім күткен жағдай емес. Сондықтан оқушыларды қолдан келгенше қашықтықтан оқытуды қамтамасыз етуіміз керек. Осы орайда, ата-аналар сіздерге жоғарыда айтып өткен мүмкіндіктердің бәрін пайдалануларыңызды сұраймын. Яғни теледидар, онлайн патформалар мен поштаның көмегін пайдаланып, оқыңыздар. Біз қандай жағдай болса да оқушыларды білімсіз қалдыра алмаймыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы