Әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары шахматты тегін үйренеді

9 Шілде 2019, 17:41
2385
Бөлісу:
Әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары шахматты тегін үйренеді
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасованың Шахмат академиясы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қолдауымен «Шахмат барлығы үшін» атты әлеуметтік жобасының тұсауы кесілді. 

Іс-шараға ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, БҰҰ Балалар қоры Қазақстандағы өкілі (ЮНИСЕФ) Артур ван Дизен және т.б. қатысты.

IMG_0112.jpg

«Шахмат барлығы үшін» жобасы гроссмейстердің Қазақстанда шахмат ойындарын дамыту мақсатында жасаған үлкен қадамдарының бірі. Шахматтың қолжетімділігін арттыру еліміздегі бәсекеге қабілетті талантты жастар қатарын арттырумен тең. Шахмат дегеніміз – кейде жеңіске жетіп, кей кезде жеңіліп, немесе уақытша мәмілеге қол жеткізуге болатын өмірдің қысқаша бір үлгісі секілді. Әрбір жеңіс пен ұтылыстан кейін міндетті түрде қорытынды шығара білу әрбір адамның бойында жеңілісті дұрыс қабылдап, болашаққа деген міндеттерді дұрыс құру қабілеттілігін арттырады», - деді Шахмат академиясының өкілі Айнұр Утешова.   

IMG_0138.jpg

Оның сөзінше, Қазақстанда шахмат ірі қалаларда белсенді дамып жатыр. Бүгінде Астанада 870 оқушы шахматпен айналысады. Дегенмен шахматты дамытуда білікті оқытушылардың тапшылығы, қазақ және орыс тілінде сабақ беретін оқытушылардың аздығы, ата-аналардың бәрі бірдей оқу ақысын төлеуге қабілетті болмауы секілді мәселелер бар. 

«Шахмат ми үшін жақсы жаттығу саналады. Осы спортты насихаттау мақсатында «Шахмат барлығы үшін» жобасын іске қостық. Ең алдымен бас серіктес ТҮҚЖБ АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимоваға ерекше алғыс айтамын. ТҮҚЖБ әлеуметтік мәртебесіне қарамай қазақстандықтардың баспаналы болуына мүмкіндік береді. Біздің академияның да мақсаты осындай, яғни барлық адамға сапалы қолжетімді шахмат үйрету болып отыр», - деді гроссмейстер. 

IMG_0155.jpg

Осы мақсатта Шахмат академиясы Қазақстан аумағы бойынша үлкен әлеуметтік жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова бір мезгілдік ойын сеанстарын, мастер-класстар мен турнирлерді тек елордада ғана емес, сондай-ақ, Атырау облысы, Атырау қаласы, Павлодар, Ақтау, Қызылорда, Шымкент және өзге де өңірлерде өткізді. 

ТҮҚЖБ АҚ төрайымы неліктен бұл әлеуметтік жобаны қаржыландыру шешімін қабылдағанын айтып берді.

«Бүгін Шахмат барлығы үшін деген үлкен жобаны бастап жатырмыз. Ең бірінші кезекте салымшыларымызды қолдау мақсатында бір жобаны таңдау қажет болды. Үлкен интеллектуалдық жұмысқа бейімі бар, бірақ мүмкіндігі бола бермейтін балалар мен жасөспірімдерді қолдағымыз келді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі спорт секілді адамдарды тәртіптілікке, төзімділікке және мақсаттарды дұрыс қоя білуді үйретеді. Бірнеше сауал жүргіздік, бірнеше нұсқа болды. Қазақстанда өте талантты жастар көп, Димаш Құдайберген, Ержан Максим, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік секілді жастарымызбен мақтанамыз. Неге таңдау Динараға түсті, себебі Динара соңғы бірнеше жылда тамаша жетістіктерге жетіп жүр. Қазақстанда шахматтан балалар арасында, әсіресе қыздар әлем чемпиондары көп. Динара жақында ғана ересектер арасында Азия чемпионы болды. Енді оның әлем чемпионы болатынына сенеміз. (...) Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы жобаға өз үлесін қосып, қазақстандықтардың шахмат ойындарымен жақынырақ танысып, турнирлерге қатыса отырып, жүлделі орындарды иеленуіне мүмкіндік бермек», - деп атап өтті Ибрагимова. 

IMG_0140.jpg

«Шахмат барлығы үшін» жобасы аясында халықтың барлық топтарына, атап айтқанда, көпбалалы отбасылар мен Қазақстанның шалғай аудандарында тұратын отбасылардың балаларына, сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар балаларға шахмат ойынын үйрету қарастырылған. Осы жоба арқылы Қазақстанның барлық тұрғындарына шахмат қолжетімді болады. 

Жобаның басты мақсаты – балалардың жеке тұлғалық және интеллектуалдық дамуы үшін жағдай жасау, атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік өмірге араластыру және оларды қоғаммен байланыстыру, шахматты салауатты өмір салтының айнымас бір бөлігі ретінде таныту, бос уақытты дұрыс пайдалануды дамыту. 

Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев  отандық шахматшылардың жетістігін айта кетті. 

«Биыл 10 ел қатысқан командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 5-орын алғанына қуаныштымыз. Елімізде шахмат дамы, ЖОО-да, мектептерде секциялар ашылып жатыр. Жыл сайын жаттықтырушылар шетелде оқудан, біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Динараға табыс тілеймін, қолдау білдіреміз. Мәдениет және спорт минитсрлігінің атынан құттықтаймын», - дейді Серік Сәпиев. 

IMG_0162.jpg

Жобаға қатысушылар – шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын ерекше қажеттілігі бар балалар, табысы төмен отбасылардан шыққан балалар.

Онлайн сабақтар өтеді. Динара Сәдуақасова қазақ және орыс тілінде видеосабақтар өткізеді. Алты тақырыпта оқыту жүреді. Барлығы бір қосымшаға енгізілген.  

ЮНИСЕФ Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен бұл жобаның балаларға, қоғамға сыйлық екенін атап өтіп, Динараға сәттілік тіледі. 

«Гроссмейстер Динара жеке өзі үшін ғана емес, шахматқа деген іңкәрлігін жаңа буынға үйреткісі келетіні қуантады. ЮНИСЕФ Динарамен тығыз байланысты, мұның айқын дәлелі ретінде Динаоынңра 2 жыл бұрын ізгі ниет елшісі болуға келісім бергенін айтуға болады. Динара және ЮНИСЕФ қазақстандық балалардың потенциалына сенім білдіреді. «Шахмат барлығы үшін» жобасы арқылы Динара Қазақстанның ең әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына шахмат үйретеді. Жас балалар шахматты үйренуі өмірдің барлық аспектілерінде көмектеседі деп ойлаймын», - деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі. 

IMG_0170.jpg

Аталған жоба аясында келесі бағыттарды жүзеге асыру жоспарланып отыр:

1. Онлайн-академия;
2. ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған ерекше қажеттілігі бар балалар мен табысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін турнирлер өткізіп, олардың әлеуметтік өмірге араласуын және бейімделуін қамтамасыз ету;
3. ерекше қажеттілігі бар балаларды үйрететін шахмат жаттықтырушылары үшін турнирлер мен семинарлар өткізу;
4. компьютерлік сыныптар ашу. 

IMG_0150.jpg

Динара Сәдуақасованың шахмат академиясы 5 жастан бастап барлық балаларға кәсіби түрде шахмат ойындарын ойнауды үйретеді. Академия командасының мақсаты – кәсіби түрде шахматтық білім беру. Академияда білім алушылар – түрлі дәреже мен жас мөлшеріндегі балалар мен ересектер. Табысы төмен отбасылардың балалары мен ерекше қажеттілігі бар балалар үшін әлеуметтік топтар ашылған. Динара Сәдуақасованың шахмат академиясы тұрақты түрде турнирлер, шеберлік класстары мен бір мезгілді ойын сеанстарын өткізеді.

IMG_0153.jpg

Өзгелердің жаңалығы