Бас жаңалықтар
Шағын және орта бизнеске жасалған қолдау жалғасын табады
15 Мамыр 2021, 16:49 267

Шағын және орта бизнеске жасалған қолдау жалғасын табады


Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия басталғалы бері экономиканың ең көп зардап шеккен салаларының бірі ретінде шағын және орта бизнес танылды. Елде Төтенше жағдай жарияланған өткен жылдың алғашқы күнінен бастап-ақ аталған кәсіпкерлік субъектілеріне Үкімет тарапынан ерекше назар аударылып, қолдау шаралары жүзеге асырыла бастады. 

Кеше 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай енгізіле салашағын және орта бизнестің тұралап қалмауына барынша жағдай жасау керектігін  тапсырды. Соның ішінде салық жүктемесін азайту мәселесі көтерілді. Нәтижесінде экономиканың көбірек зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес иелері үшін еңбекақы төлеу қорынан аударымдар мен салық төлеу 6 айға алынып тасталды, кейіннен ол жыл соңына дейін ұзартылды. Мемлекет басшысының «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығына сәйкес бизнесті қолдау бойынша салықтық ынталандырулар қабылданды. Олар саудадан бастап туристік бизнеске дейінгі экономиканың түрлі секторларын қамтыды.

Ұлттық Банк Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін шағын, орта кәсіпкерлік субъектілеріне және жеке кәсіпкерлерге екінші деңгейдегі банктерге шартты салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінеді. Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейлі банктердің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне айналым капиталын толықтыруға 12 айға дейінгі мерзімге, жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша жеңілдікті несиелер беру жолымен іске асырылады.
Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасын» іске асыруға қосымша 84,5 млрд теңге бағытталды. Кәсіпкерлердің несиелері бойынша субсидиялау мен кепілдік беру арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға 50 млрд теңге сомасында қосымша шығындар қарастырылған. 

Бүгін 

Ел Үкіметі пандемия кезінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шараларын жалғастыруда. Жуықта Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша шаралары қаралды. Премьер-министрдің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, отырыста шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың 60-тан астам шарасы қарастырылған осы жылға арналған кешенді жоспары әзірленді. 

Ол шаралардың ішінде ең өзектілері ретінде салықтық жеңілдіктер тұрғысынан бизнеске жүктемені азайтуға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, мемлекеттік сатып алуға қолжетімділікті оңайлату, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті қайта реттеу шараларын атап өтуге болады. 

Асқар Маминнің төрағалығымен өткен отырыста шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру тетіктері де қарастырылды. Осы мақсатта 47 мың жобаны жүзеге асыруға, 2,5 трлн теңгеден астам жеңілдікті несие беріледі.  

Кәсіпкерлер тарапынан несиелеу бағдарламаларын оңтайландыру, мерзімі мен рәсімдеу процестерін жеңілдетуге қатысты өтініштер жиі айтылатын. Үкімет тарапынан бұл іске назар аударылып, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша бизнес өтінімдерін қарау мерзімдерін 21-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді. Субсидиялау және несиелерді кепілдендіру аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру биыл 97%-ға дейін ұлғайды. 

Премьер-министрдің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, 2021 жылғы 1 сәуір мен 1 шілде аралығында шағын және орта бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан барлық салықты төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Бұл бизнеске шамамен 200 млрд теңгені сақтауға мүмкіндік берді. ШОБ субъектілерінің салықтық және кедендік берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу 2021 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатылды. Бұл бизнеске айналым капиталы үшін 279 млрд теңгені босатуға көмектеседі. Екінші деңгейлі банктердегі кредиттер бойынша төлемдерді 2021 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру жөнінде шаралар қабылданды. Кейінге қалдырылған төлемдер көлемі 750 млрд теңгені құрайды. 

Біздің қазіргі міндетіміз – кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға қолдау көрсету. Қабылданып жатқан шаралар биыл экономика өсімі құрылымында 0,8 пайыздық тармаққа дейін қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді Мамин. 

Үкімет басшысы Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспардың уақытылы орындалуын, бизнесті салықтық ынталандыру бойынша заңнамалық түзетулер пакетін қабылдауды және 2021 жылғы 1 маусымға дейін Парламентте тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды. 

Мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, «Даму» қорына «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнестің барлық қолдау түрін алу жөніндегі өтінімдерін қысқа мерзімде қарау тапсырылды.


Фото: дереккөз
Загрузка...