ШҚО-да шағын несиелеуге бөлінген қаржының басым бөлігі ауылды жерлерге бағытталмақ

21 Мамыр 2019, 14:48
1820
Бөлісу:
ШҚО-да шағын несиелеуге бөлінген қаржының басым бөлігі ауылды жерлерге бағытталмақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл 3,5 млрд теңге қаражат ауылдық елді мекендер мен кішігірім қалалардың тұрғындарына шағын несие түрінде берілмек. 

Бұл жөнінде облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев хабарлады.   

«2019 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Шығыс Қазақстанда шағын несиелендіруді кеңейтуге 4,5 млрд теңге қарастырылған. Оның 3,5 миллиардын ауылдық елді мекендер мен кішігірім қалалардың тұрғындарына шағын несие түрінде беру көзделген. Шағын несиелендірумен 895 адамды қамтымақпыз», - деді Ерболат Ошақбаев. 

Басқарма басшысының айтуынша, аталмыш бағдарламаның әкімшісі облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы болатын көрінеді. Бұдан бөлек, жалпы құны 1,9 млрд теңгелік 640 жобаны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы, ал құны 1,3 млрд теңгелік 255 жобаны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы қаржыландырмақ. 

«Өңірдің қалалары мен моноқалаларында шағын несиелендіру және кепілдендірумен 210 адамды қамтымақпыз. Бұл мақсатқа 2019 жылы 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Әкімшісі облыстық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы болып табылатын аталмыш бағдарламаның несиелік қаражаты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін болады», - деп қосты Ерболат Ошақбаев.

Өзгелердің жаңалығы