Бас жаңалықтар
Үш жасар баланы құтқарған тәртіп сақшыларына алғыс білдірілді
12 Наурыз 2019, 15:26 1051

Үш жасар баланы құтқарған тәртіп сақшыларына алғыс білдірілді

Астана, BAQ.KZ. Ақпан айының соңғы аптасында бұқаралық ақпарат құралдарында Қызылорда қаласында учаскелік полиция инспекторлары көпқабатты үйдің терезесі алдында тұрған үш жасар баланы құтқарып қалғандығы туралы ақпарат таратылды.

МҚІСЖҚА Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Қызылорда қаласындағы «Шұғыла» мөлтек ауданында орын алған. Көпқабатты үйдің жоғарғы қабатының бірінде ашық тұрған терезенің жақтауында сәбидің отырғандығын көрген полиция аға лейтенанты Жасұлан Сарбалаев газ құбыры арқылы жоғары өрмелеп, терезе алдында отырған баланы пәтерге алып түскен.

Бұл уақытта полиция майоры Бауыржан Алдаберген баланың ата-анасын анықтауға кіріскен. Анықталғандай баланың анасы жұмыста болса, әкесі есік алдындағы дүкенге шығып кеткен.

Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау жолында ерекше жауапкершілік танытқан тәртіп сақшыларын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов қабылдады. Қабылдау кезінде полиция қызметкерлеріне алғыс білдіріп, қызметтеріне абырой тіледі.

«Учаскелік полиция инспекторларының жедел іс-қимылының арқасында үш жастағы сәби құтқарылды. Өздерінің қызметтеріне жауапкершілікпен қараған осы қызметкерлерге алғыс білдіруді жөн санадым. Тәртіп сақшыларының іс-әрекеті басқаларға үлгі болары сөзсіз», - деді департамент басшысы Абзал Мұхимов.

Загрузка...