ШҚО-ның шалғай елді мекендеріне жоғары жылдамдықты интернет тартылады

20 Мамыр 2019, 17:16
2398
Бөлісу:
ШҚО-ның шалғай елді мекендеріне жоғары жылдамдықты интернет тартылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы екі жылда Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы 10 елді мекен 4G (LTE) жылдамдықтағы интернет желісіне қосылады. Бұл жөнінде Катонқарағай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі хабарлады.

«Ағымдағы жылы талшықты-оптикалық байланыс желілерін Еңбек ауылына дейін тарту жұмыстары жоспарлануда. 2020 жылы LTE жылдамдықтағы интернет желісі Ново-Поляковка, Аққайнар, Алтынбел, Белқарағай, Катонқарағай, Солдатово, Өрел, Малонарымка және Солоновка ауылдарына тартылмақ», - деді бөлім басшысының міндетін атқарушы Дамир Мұхамедов.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, Катонқарағай ауданының 51 елді мекенінің барлығы стационарлы телефон желісімен қамтылса, оның 45-де СДМА, ал 19 елді мекенде басқа технологиялар қолданылған. Ғаламтор желісі ауданның 46 елді мекенін қамтыса, оның 31-де EVDO, яғни интернет терминал арқылы таратылады.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін облыста интернетке қосылмаған 9 елді мекеннің қалғаны жайында хабарлаған болатынбыз. Ақпан айында өткен облыс әкімдігінің отырысы барысында ақпарат берген ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагарина шалғай орналасқан елді мекендер тұрғындарының мемлекеттік қызмет түрлерін алуына жағдай жасалып, оларда 298 өз-өзіне қызмет көрсету орталықтарының ашылғанын айтқан болатын.

«Семей қаласында және Аягөз, Жарма, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарында орталықтан 150 және одан алыс қашықтықта орналасқан 48 елді мекен таңдап алынды. Қазіргі уақытта олардың 48-і кең жолақты ғаламтор желісіне қосылса, оның жетеуіндегі ғаламтор жылдамдығы секундына 8 мегабит, ал 32-де 4 мегабиттен төмен. Бұдан бөлек, Катонқарағай ауданының – 5, Тарбағатай ауданының – 3, Үржар ауданының бір елді мекені ғаламтор желісіне мүлдем қосылмаған», - деген болатын аппарат басшысының орынбасары.

Бүгінгі таңда елді мекендердің ғаламторға қосылу нүктелері белгіленіп, жылдамдығы 4 мегабиттен төмен емес ғаламтор желісін тартуға қажетті 103,7 млн теңге қаржы есептеліп қойған.

Өзгелердің жаңалығы