Бас жаңалықтар
ШҚО әкімі «Қызыл Ту» өткеліндегі паром қатынасын сынға алды
23 Ақпан 2019, 21:41 2658

ШҚО әкімі «Қызыл Ту» өткеліндегі паром қатынасын сынға алды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім және Көкпекті аудандарының арасын жалғайтын «Қызыл Ту» өткеліндегі паромның меншік иесі өзгеруі мүмкін. Паром өткеліндегі қызмет сапасының төмендігі мен тасымалдау бағасының тым қымбаттығын сынға алған өңір басшысы Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде осындай тапсырма берді.

Есеп беру кездесуі барысында бейнеөтініш жолдаған Күршім ауданының тұрғыны аталмыш өткелдегі паромның жолаушылар мен көліктерді алып өту бағасының тым қымбат әрі жүру кестесін сақтамайтынын алға тартқан болатын. Сондай-ақ, ол жаз шыға жалғыз өткелге кіріптар болып қалатын ауданның жолаушылар ағымы көп өткелінде жалғыз паромның ғана қатынайтынын тілге тиек етті.

«Сауал жолдаған азаматтың бұл мәселені жайлап қана жеткізіп отырғаны рас. Негізі ол жердегі мәселе өте күрделі. Сәйкес органдар паромды сенімді басқаруға берді де, кейбір келеңсіз жақтарын назардан тыс қалдырды. Осының салдарынан жолаушылар мен жүкті алып өту құны өсіп, сапа төмендеп кетті. Мәселені қайта қарау жөнінде орынбасарыма тапсырма беремін. Осымен жетеді! Қажет болса екі арадағы келісімшартты бұзыңыздар. Осыған жол берген сәйкес органдардың бірінші басшылары жақын арада жазаланатын болады», - деді облыс басшысы.

Естеріңізге салсақ, Бұқтырма суқоймасының «Қызыл Ту» өткеліндегі паром 2018 жылдың көктемінде жеке кәсіпорынға сенімді басқаруға берілген болатын.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: шартты

Загрузка...