ШҚО-да жас кәсіпкерлер отыздан астам жаңа жоба ұсынды

12 Ақпан 2020, 18:01
1582
Бөлісу:
ШҚО-да жас кәсіпкерлер отыздан астам жаңа жоба ұсынды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде 5 млн теңгелік грант алуға үміткерлердің алғашқы легі оқуларын аяқтап, отыздан астам инновациялық жоба ұсынылды.

Бұл жолы "Бизнестің жол картасы 2025" бағдарламасы аясындағы "Бизнес-Кеңесші" жобасы бойынша қысқа мерзімді курсты кәсібін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жатқан 33 кәсіпкер аяқтап шықты.

Биыл бағдарлама біраз өзгеріске ұшырады. Атап айтсақ, бұған дейін аталмыш бағдарлама бойынша оқу курсы екі күн болса, биыл ол он күнге дейін ұзартылды. Тағы бір ерекшелік – өзгерістің клиентке қарай бағыт алуы. Яғни курс тыңдаушысы тренермен тығыз жұмыс істеп, өз жобасын егжей-тегжейлі жасауға мүмкіндік алды.
Өзгерістердің оңды жағын үлгі ететін бір мысалды айтайын. Бірінші лекте сұлулық салоны бар бір кәсіпкер азаматшамыз болды. Салонның қазіргі уақыттағы қаржылық моделін есептеу кезінде оған ай сайын шамамен бір миллион теңге көлемінде пайда түсуі керек екенін байқадық. Алайда кәсіпкер әйел ондай ақшаның жүзін де көрмеген. Бұл жағдай оған ой салды. Бір жерде есептеуден ағаттық кетіп, табыстың қайда кеткені белгісіз болып қалған. Осы себепті онымен қайта кездесіп, аталған мәселені тағы бір талқылауды келістік, - дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Талғат Кәсенов.
Бұл әдістің бизнесті диагностикалау саласының таптырмайтын құралы екенін алға тартқан ол, белгілі бір әдістер мен құралдарды қолдана отырып, бизнестің көзге шалына бермейтін мәселелерін анықтауға болатынын айтты. Өйткені көп жағдайда кәсіпкерлер өз ісіндегі кемшіліктерді көре бермейді. Мұндай кемшілікті ерте бастан анықтау кәсіпкерге кәсібінің негізгі бағыттарын айқындауға көмектесетін көрінеді.
Сондай-ақ бізге жаңа жобамен келген тағы бір кәсіпкеріміз курс барысында ойынан айнып, осыған дейін отбасылық іс болып келген кәсіпті одан әрі дөңгелентуді мақсат етті. Бұл өзгерістердің барлығы біздің курстардағы үш-төрт күн ішінде орын алды. Бұған дейін бар-жоғы екі күнде ештеңеге үлгермейтінбіз. Өйткені адамдарға бір нәрсені түсінікті етіп жеткізу үшін уақыт керегі белгілі, - деп қосты Талғат Қасенов.

"Бизнес-Кеңесші" курсын тәмамдаған Анна Удовиченко есімді кәсіпкер азаматша түрлі шараларды ұйымдастырып, өткізумен айналысады. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасына заманауи білім алып, тәй-тәй басқан бизнесін аяғына тұрғызуды мақсат тұтып келген екен.

Бизнес мектеп маған қатты ұнады. Бизнес жүргізудің кейбір жақтарын білсем, кейбір қырын білмейді екенмін. Дегенмен, алған ақпаратым пайдалы болды. Сертификаттан бөлек, Қазақстанда бизнес жүргізу және бизнесті қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар туралы барлық ақпарат жинақталған папка таратылды, - деді ол.

Алдағы уақытта кәсіпкер "Бизнестің жол картасы 2025" бағдарламасы арқылы мемлекеттік грант алып, салтанатты шараларды жүргізуге қажетті құрылғыларды сатып алмақ ниетте.

Өзгелердің жаңалығы