ШҚО-да жақын жылдары жаңа су қоймалар салынады

7 Қазан 2020, 17:26
2783
Бөлісу:
ШҚО-да жақын жылдары жаңа су қоймалар салынады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Суармалы алқаптары жыл сайын ұлғайып келе жатқан Шығыс өңірінде жақын жылдары қосымша суқоймалар салынуы мүмкін.

Дақыл егіп, одан түсім алғанға дейін шаруаның бас ауруына айналатын тағы бір мәселе – егістікті суландыру екені белгілі. Қысы қытымыр, жазы жайсаң Шығыс өңірінде бұл тірлік бүгінде қандай дәрежеде? Міне, осы сауал көпшіліктің көңілін мазалайтыны рас.

Алтайдың баурайынан ағып шығатын көк айдынын ғана емес, алты айға созылатын аязды қысының ақ көрпесін де кәдеге жарата білген шығысқазақстандық шаруалар биыл суармалы жерлердің 40,7 мың гектарын, яғни 20,8 пайызын пайдаланған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, тағы 54 мың гектар алқап жайылмалы суару әдісімен көктем мезгілінде бер рет суарылады екен.

Бүгінгі таңда суармалы 40,7 мың гектар егістіктің 13,5 мың гектарында – бидай, 7,3 мың гектарында – көкөніс, 3,9 мың гектарында - май, 16 мың гектарында мал азықтық дақылдар отырғызылған. Сонымен қатар, өңірдегі 24,4 мың гектар суармалы алқап «Қазсушар» мекемесінің облыстық бөлімшелерінің нысандары арқылы суарылады, ал 16,3 мың гектар алқап Ертіс, Қарасу, Оба өзендері сияқты автономды көздерден суландырылады, - дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әділет Тулеутаев.

Оның айтуынша, биыл суармалы алқаптарды суаруға 105,8 млн текше метр су жұмсалған. Қазіргі уақытта «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміне 7 су қойма, 27 су торабы, 83 магистральды канал беріліп, 125 357 мың гектар алқап бекітілген.

 

Қосымша су қоймалары салынады

Суару жүйелерінің кідіріссіз жұмыс істеп тұруы олардың қазіргі жағдайына да байланысты екені рас. Облыстық басқарманың берген ақпаратына сенсек, 2014-2016 жылдар арасында Тарбағатайдағы Тебіске өзенінің «Көктоғам», «Жаңа Тоғам» магистралдық каналдары, Базар өзенінің су жинағышы, Зайсандағы Жеменей өзенінің гидроторабы қайта жөнделген. Аталмыш жаңғыртулар нәтижесінде 7,7 мың гектар алқап қалыпқа келтірілді.

Ал, 2016-2020 жылдар аралығында Зайсанның Үйдене өзеніндегі басты су тоғаны, осы өзендегі суқойма, Көкпектінің Кіші Бөкен, Үлкен Бөкен, Көкпекті өзендерінің су торабы, Жарманың Шар су қоймасы, Тарбағатайдың Қарғыба өзенінің бөгеттері қайта жөнделді. Осылайша, 21,2 мың гектар аумақ қалпына келтірілді.

Ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылатын суқоймалар «Қазсушар» РМК-ның теңгерімінде болуына орай оларға жыл сайын жөндеу жұмыстарын осы мекеме өзі жүргізеді, - деді Әділ Тулеутаев.

Сонымен қатар, су ресурстары көлемін көбейту, суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету, су қорын пайдалану мақсатымен 2018-2021 жылдар аралығында облыста қосымша алты суқойма салу жобаланған. Оның 3-і Тарбағатайдың Орта Ласты, Құсты, Қарғыба өзендеріне салынады. Тағы үшеуі Үржар ауданындағы Көктерек, Қарабұта өзендеріне және Зайсан ауданының Кендірлік өзеніне салынады. Әзірше қаржының болмауына орай бұл жобалар тоқтап тұр.

 

Заманауи әдістер кеңінен енгізілуде

Өңір шаруалары соңғы уақытта егістіктерді суаруда бірнеше заманауи әдісті енгізіп бастаған. Мұндай әдістің бірі - тамшылатып суару. Бүгінде облыста мұндай әдіспен суарылатын алқаптар аумағы 972 гектарды құрап, оны Бесқарағай, Ұлан, Күршім, Үржар аудандары мен Семей қаласының шаруалары қолдануда.

Мұндай әдістің басты артықшылығы – суды үнемдеу. Бұл әдіс арқылы тек өсімдіктің тамыры ғана ылғалданады. Су топыраққа терең сіңіп кетпейді, - деді Әділет Тулеутаев.

Сонымен қатар, аймақтағы шаруашылықтар 8,9 мың гектар алқапқа– жаңбырлатып суару әдісін қолданып отыр. Басқарманың ақпараты бойынша, АҚШ, Германия, Голландия елдерінің заманауи суару техникаларын Көкпекті, Шемонаиха, Үржар аудандары мен Семей қаласының шаруашылықтары қолданып отырған көрінеді.

Бұл әдістерді қолданысқа кеңінен енгізу мақсатымен мемлекеттен аймақтағы ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге суару суын жеткізу бағытындағы қызметтер құнын арзандатуға субсидия бөлінеді. Осы мақсатта үстіміздегі жылы 200 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылып, игеріліп жатыр, - деді Әділет Тулеутаев.

Ол субсидиялау қағидасына орай, тариф көлеміне байланысты шыққан шығынның 50-85 пайызының өтелетінін айтады.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта суармалы алқаптарды сумен қамтудың басты мәселесі – магистралды және шаруашылықтар арасындағы арналардың техникалық жағдайының төмендігі. Сондықтан, осы мәселені бір жағына шығару үшін өңірдегі осы сияқты каналдар «Қазсушар» мекемесінің балансына, яғни мемлекеттің меншігіне қайтарылуда. Сонымен қатар, облыстағы суарылатын алқаптарды кезең-кезеңі бойынша қалпына келтіру жоспарда бар. Атап айтқанда, облыста суарылатын алқаптарды 2030 жылға дейін дамытуды жобалаған өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді. Оған сай, Азия даму банкі қаражатымен 82,25 мың гектар суарылатын алқап қалпына келтірілсе, жалпы ауданы 51,2 мың гектарды алатын 8 суқойма салынып, «Қазсушар» мекемесі 157,7 мың гектарды қамтитын гидротехника жүйлерін салады.



Өзгелердің жаңалығы