ШҚО-да туризмге байланысты жаңа жоба қолға алынады

30 Қыркүйек 2020, 09:45
1758
Бөлісу:
ШҚО-да туризмге байланысты жаңа жоба қолға алынады
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыстың інжу-маржаны саналатын Катонқарағай ауданында «Жасыл денсаулық алаңы» жобасы іске асырылуы мүмкін.

Халықаралық туризм күні қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен осы салаға зор еңбек сіңіріп жүрген екі шығысқазақстандық марапатталды. Анықтап айтсақ, «Туризм саласына сіңірген еңбегі» төсбелгісі республикалық «Марал шаруашылығы» палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаровқа табысталса, Алакөл аумағындағы туризмнің әлеуетін көтеруде еңбек етіп жүрген «Інжу» және «Arasan Alakol» қонақ үйлерінің директоры Елена Асылбекова «Туризм саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 

Саусақпен санарлықтай ғана әлем елдері арасында қолға алынған марал шаруашылығын дамыту біздің басты міндеттеріміздің бірі болып саналады. Ал Шығыс өңіріндегі марал шаруашылығының отаны – Катонқарағайдағы туризмнің әлеуетін арттыру - біз үшін өте қажет. Коронавирус пандемиясы бұл өңірдің туризм саласына әкелетін пайдасын анықтады. Ішкі туризм саласындағы әлеуетіміздің бар екенін көрдік. Сол себепті Катонқарағайды «Жасыл денсаулық алаңына» айналдырған жөн, – деді Нұрлан Тоқтаров. 

Оның айтуынша, аудан аумағындағы панты санаторийлерінің қызметін маусымға ғана байланыстырмай, жыл бойы көсетілетіндей етіп істеген жөн көрінеді. Ол үшін аймақтағы инфрақұрылымды жақсартып, пантымен емдейтін орталықтар санын көбейту керек. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта бір ғана көрсеткіш бойынша марал шаруашылығына бөлінетін субсидия санын арттыру қажет. 

Шығыс өңірінде туризмнің көп түрі дамыған. Олардың арасында Шығыстың інжу маржаны Катонқарағай ауданындағы басты өнім – марал мүйізінің пантысы бар. Бұл салада еңбек етіп жүрген мамандарымыздың бірі Нұрлан Зейнелұлы министрліктің марапатына ие болып жатыр. Өңірімізден бұл азаматтан бөлек он адамның тізімі жолданған болатын. Солардың арасынан оқ бойы озық шыққан «Інжу» және «Arasan Alakol» қонақ үйлерінің директоры Елена Асылбекова «Туризм саласының үздігі» төсбелгісін тақты, – деп қосты облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов. 

Қоса кетсек, еліміз бойынша туризм саласында еңбек етіп жүрген 13 маман министрлік марапатына ие болса, олардың екеуі Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары.
 

Өзгелердің жаңалығы