ШҚО-да тұрмыстық жемқорлыққа тосқауыл қоятын жаңа жоба таныстырылды

1 Наурыз 2019, 08:57
1926
Бөлісу:
ШҚО-да тұрмыстық жемқорлыққа тосқауыл қоятын жаңа жоба таныстырылды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда тұрмыстық жемқорлыққа тосқауыл қойып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасайтын бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында таныстырды.

«Естеріңізде болса, 2018 жылдың басында Елордада «Астана адалдық алаңы» жобасы іске асырыла бастаған болатын. Оның басты мақсаты қарапайым тұрмыстық жемқорлықтың көзін жойып, азаматтарға жайлы жағдай қалыптастыру болды. Аталмыш жобаның сәтті іске асырылуына орай ел Президенті оны бүкіл ел аумағына тарату жөнінде тапсырма берген. Осы себепті Елбасының тапсырмасын іске асыру мақсатында өткен желтоқсан айының басында облыс әкімі Даниал Ахметов пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы арасында «Шығыс адалдық алаңы» жобасын іске асыру жөніндегі келісімшарт бекітілген еді», - деді Қайрат Сапарғалиев.

Ел азаматтарының мемлекеттік органдарға деген оңды көзқарасын қалыптастыруға бағытталған жоба тұрмыстық жемқорлықтың көзін жойып, азаматтарға жайлы жағдай қалыптастыру, қоғамдық бақылауды күшейту және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сияқты үш бағытта іске асырылмақ:.

«Әр бағыт тағы бірнеше бөлімге бөлінеді. Мысалы бірінші бағыт білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, мемлекеттік кірістер органдары, сот және құқық қорғау органдары, бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі сияқты салаларды қамтиды. Екінші бөлімге қоғамдық бақылау картасы, қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы және мемлекеттік сатып алуларды мониторингтау мәселелері кірсе, үшінші бөлім сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім мен ақпараттық жүйелер сияқты салаларды қамтиды», - деп қосты лауазымды тұлға. 

Өзгелердің жаңалығы