ШҚО-да мемлекеттік қызмет түрлерін үйден алуға жағдай жасалуда

24 Сәуір 2019, 19:16
1848
Бөлісу:
ШҚО-да мемлекеттік қызмет түрлерін үйден алуға жағдай жасалуда
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде мемлекеттік қызмет тізіліміндегі 752 қызметтің 85 пайызын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсетіп отыр. Бұл жөнінде аталмыш корпорацияның үш жылдық жұмысын қорытындылаған баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

«Мемлекеттік корпорация жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыратын бірыңғай провайдер болып табылады. Осыдан үш жыл бұрын оның құрамына «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы», «Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есеп айырысу орталығы» сияқты төрт мекеме біріккен болатын. Бүгінде мемлекеттік қызмет тізіліміндегі 752 қызметтің 641-і осы Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ тізілімдегі қызметтің 506-сы электронды түрде қолжетімді», - деді филиал директоры Асхат Жарылқасынов.

ШҚО-да мемлекеттік қызмет түрлерін үйден алуға жағдай жасалуда

Жауапты тұлғаның айтуынша, Мемлекеттік корпорация құрылғалы бері үш жыл уақыт аралығында оның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы аймақ тұрғындарына 7 миллионға жуық қызмет көрсетсе, оның 2 миллионында азаматтар орталықтарға келіп, қызметті өз бетінше алған.

«Сонымен қатар филиалда соңғы үш жыл көлемінде 850 мың электрондық-цифрлық қолтаңба ресімделген. Бұл азаматтардың қызмет түрлерін үйлерінен шықпай алуға деген құлшынысының артқаны. Бұдан бөлек, жер кадастры және жылжымайтын мүлік бағытындағы қызмет көрсету үрдісі оңтайландырылып, талап етілетін құжаттар саны мен қызметтердің көрсетілу мерзімін қысқарту бойынша бірнеше пилоттық жоба іске қосылды», - деді Асхат Жарылқасынов.

Қоса кетсек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылған сәттен бері облыстық филиалда жер кадастры бойынша - 93 408, ал жылжымайтын мүлік нысандарына техникалық төлқұжат беру бойынша - 55 650 рет мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Өзгелердің жаңалығы