ШҚО-да мектеп түлектеріне бітіру аттестаттары табысталады

28 Мамыр 2020, 11:44
1609
Бөлісу:
ШҚО-да мектеп түлектеріне бітіру аттестаттары табысталады
Фото: дереккөз

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 3-4 маусым күні орта білім ордаларының түлектері үшін соңғы қоңырау соғылып, бітіру аттестаттары табысталады.

Бұл туралы бүгін Аймақтық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген ШҚО-дағы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Махсутова хабарлады.

Биылғы жылдың 3-4 маусымы күндері облыстағы мектеп түлектеріне бітіру аттестаттары табысталып, аталмыш шара аясында соңғы қоңырау соғылады. Бұл шара әр мектеп аумағында, әр сыныпқа жекелей санитарлық нормаларды сақтай отырып, ашық алаңда ұйымдастырылады. Түлектерге мектеп формасын, бетперде кию, бір-бірінен екі метрлік қашықтықты сақтау міндеттеледі. Шараның ұзақтығы 20 минуттан кем емес болады. Сондай-ақ, оған ата-аналардан басқа бөгде адамдардың қатысуына рұқсат етілмейді. Мектеп бітіру шараларын басқа орындарда өткізуге, аниматорлар жалдауға, көлікпен серуендеумен жалғастыруға тыйым салынады, - деді Зейнеп Махсутова.

Департамент басшысы биыл ҰБТ-ның 20 маусым - 5 шілде аралығында өткізілетінін атап өтті. ҰБТ тапсыру үрдісі өзгертілмейді деген ол, құжаттар тапсыру рәсімі онлайн режимінде өткізілгенін хабарлады. Дегенмен, бұл тәжірибе өңір мектептері үшін таңсық
емес, өйткені бұған дейін облыста өткен жылы тестілеуге құжат тапсыру осылай іске асырылған болатын.

Биылғы оқу жылында облысымыздағы мектептерден 2204 түлек түлеп ұшпақ. Оның 84,4 пайызы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Ереже бойынша бағалау критерийлері өзгермеген. Міндетті және бейінді пәндер бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ жоғары оқу
орындарына қабылдау әдісіне бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Атап айтсақ, оқуға түсуге шекті балл жинай алмаған оқушылар бірінші сессия аяқталғанға дейін жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсуге құқығы бар. Бұдан әрі, студент жыл аралығында тест тапсыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, маусым айында тапсырылатын ҰБТ бойынша түлектерге берілетін сертификат қағаз түрінде емес, электронды форматта беріледі, - деп қосты департамент басшысы.

Бұдан бөлек, тест тапсыратын түлектерге қойылатын қауіпсіздік шаралары да күшейтілмек. Атап айтсақ, тест тапсыруға кірген түлектің жанында тыйым салынған заттар табылса, оқушы тестілеуге жіберілмейді. Осылайша ағымдағы жылы оған ҰБТ тапсыруға рұқсат берілмейтін болады. Сондай-ақ, осындай қатаң шара тест үстінде тыйым салынған заттармен ұсталған, орнына бөтен адамды кіргізген түлектерге де қатысты болмақ.

Өзгелердің жаңалығы