ШҚО-да кеншілер кентінің көшелері жөнделіп, тұрғындар жұмыспен қамтылды

5 Қазан 2020, 11:44
1161
Бөлісу:
ШҚО-да кеншілер кентінің көшелері жөнделіп, тұрғындар жұмыспен қамтылды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Отыз жылға таяу жөндеу көрмеген Жезкент көшелері қайта қалпына келтіріліп, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.

Жезкенттегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайта жөнделіп жатқан  қос көшесіндегі жол құрылысы жұмыстары қазан айының ортасында аяқталады. Атап айтсақ, үстіміздегі жылы Бородулиха ауданының Жезкент кентіндегі Қазақ ССР-не 60 жыл және Октябрь көшелері толықтай қайта жаңғыртылып жатыр. 

Көше толық қайта жөндеуден өткізіледі. Ең алдымен көшенің қос қапталындағы жиектастарды ауыстырдық. Енді екі қабат етіп асфальт төселеді. Асфальттің бірінші қабаты жердің ой-қырын түзетсе, екінші қабаты финалдық қабат болады. Бұдан бөлек, жолдың екі жағына тротуарлар жасап, оларды да асфальтпен жабамыз. Қазір аула жолдарының кіреберістерін жасап жатырмыз. Жөндеу жұмыстары қазан айының ортасында толық аяқталады деп жоспарлаудамыз, – дейді Октябрь көшесіне қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның өкілі Ринат Нұрсиланов. 

Жалпы ұзындығы 400 метрден артық көшенің кент тұрғындары үшін маңызы жоғары. Өйткені, аталмыш көшеде жезкенттіктер көп келетін бірнеше демалыс және спорт нысандары орналасқан. 

Қоса кетсек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қолға алынған жоба Жезкент кентінің 6 тұрғынын жұмыспен қамтыды. 

Өзгелердің жаңалығы