ШҚО-да қар көшкіні жүруі мүмкін 366 аумақ анықталған

21 Наурыз 2019, 16:17
2061
Бөлісу:
ШҚО-да қар көшкіні жүруі мүмкін 366 аумақ анықталған

Өскемен, BAQ,KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан аумағында қар көшкіні жүруі мүмкін аймақтар әлі де көп. Тіпті кейбір тау беткейлеріндегі қар қалыңдығы қазірдің өзінде 80 сантиметрге дейін жетеді. Қазіргі уақытта «Қазселқорғау» кәсіпорны мұндай аумақтарды жіті бақылауға алып, өңір тұрғындарын сақ болуға шақыруда.

«Шығыс Қазақстанда 366 қар көшкіні жүруі мүмкін аумақ бар. Олардың бірқатары автокөлік жолдарына қауіп төндіреді. Қар көшкінінің өздігінен түспеуі үшін біз қыс маусымы көлемінде алдын алу шараларын ұйымдастырып жасанды көшкін түсіру жұмыстарын жүргіздік. Қараша айынан бері осындай 68 жасанды қар көшкіні жасалып, 201 мың текше метр қасат қар тау беткейінен түсірілді», - дейді ШҚО ТЖД басшысы Нұрлан Мадьяров.

«Өскемен-Самар» тасжолының 100-ші шақырымында қар көшкіні түсуі мүмкін 3 учаске анықталған. Аталмыш бағытта автокөлік ағымы да көп, әсіресе мейрам күндері осы жолмен Күршім, Көкпекті, Катонқарағай аудандары бағытына жүретін жолаушылар қарасы мол. Осы себепті аталған үш учаскеде 8 мың текше метр қар көшкіні жасанды жолмен түсірілді. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта бұл жерлердегі қар қабаты қатып, әрлі-берлі өткен жолаушылар үшін қауіп төндірмейтін көрінеді.

«Таулы аймаққа барып демалуды ойлаған тұрғындарға көктемде, әсіресе тәуліктің түс ауған шағында қар көшкінінің түсу қаупі артатынын ескерткім келеді. Сондай-ақ, қар көшкіні күшті желден және қар жауғаннан кейін түсуі ықтимал. Сол себепті көктем мезгілінде тұрғындардың таулы аймақтарға бармауға тырысқаны жөн», - деп қосты департамент басшысы.

Қалған жол учаскелеріндегі қар көшкінін түсірудегі профилактикалық жұмыстар мерекелік күндер өткен соң жалғасын таппақ. Әзірге облыс бойынша таулы аймақтарда қар көшкіні жүруі мүмкін деген хабарлама таратылды. Осы себепті өңір тұрғындары мұндай аймақтардан өткенде абай болып, қауіпті учаскелерге тоқтап тұрмау жөніндегі хабарлама таратылды.

 

Өзгелердің жаңалығы