ШҚО-да 700 көпбалалы ана медициналық тексерістен өтті

16 Ақпан 2019, 11:14
2058
Бөлісу:
ШҚО-да 700 көпбалалы ана медициналық тексерістен өтті

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда «Саламатты ана мен бала» айлығының алғашқы үш күнінде 800 көпбалалы отбасындағы 700 ана мен 2000-нан астам баланың денсаулығы тексерілді. Тексерістен өткен әйелдердің 40 процентінен астамынан тыныс жолдары, қан және гинекологиялық сырқаттарды анықтаған мамандар оларға амбулаторлы және стационарлы ем-дом қабылдауға жолдама берді. Ал тексерістен өткен балалардың 60 пайызының тыныс жолдары ауыратыны белгілі болды.

Ұйымдастырылған акция өздерінің ғана емес, сондай-ақ балаларының да денсаулығын тексертіп алуға ыңғайлы болғанын айтқан аналар бұл шараға үйдегі отағасын да тартса артық болмайтынын тілге тиек етті.

«Айлық аясында учаскелік медбикелер, әлеуметтік жұмысшылар мен медициналық ұйымдардың психолог мамандары көпбалалы отбасылар тұратын аулаларды аралап шықты. Бұдан бөлек, өңірдің көптеген емханалары мен амбулаториялық орталықтары айлық аясында тек қана медициналық тексеріспен шектеліп қалмай, сонымен қатар балаларға түрлі мультфильмдер көрсетіп, аниматорлармен көңіл-көтеру бағдарламаларын ұйымдастырды», - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиуллинова.

Естеріңізге салсақ, аталмыш акция Шығыс Қазақстан облысында 12 ақпан мен 12 наурыз аралығында өткізіліп жатыр. Айлық көпбалалы аналарды қолау кешенді бағдарламасын іске асыру мақсатында төрт және одан көп балалы отбасларға медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін ұйымдастырылған. Шара аясында көпбалалы отбасылардың мүшелері тұрғылықты жері бойынша диспансерлеуден және профилактикалық, диагностикалық тексеруден өтіп, кеңес ала алады. Көпбалалы отбасылардың стационарлы емдеуді қажет ететін мүшелері тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында кешенді медициналық тексерістен өткізіледі. Қазіргі уақытта өңірде 26 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы

 

Өзгелердің жаңалығы