ШҚО дәрі-дәрмек сатып алуда 752 миллион теңге үнемдеді

12 Наурыз 2019, 22:07
2299
Бөлісу:
ШҚО дәрі-дәрмек сатып алуда 752 миллион теңге үнемдеді

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Амбулаторлық деңгейде тегін берілетін дәрі-дәрмекті сатып алу орталықтандырылғалы бері Шығыс Қазақстанда 752 миллион теңге қаржы үнемделіп, кәдеге жарады. 

Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Деснаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов мәлімдеді.

«2018 жылдан бастап амбулаторлық деңгейде тегін берілетін дәрі-дәрмекті сатып алу орталықтандырылып, оны сатып алу құқығы «СК-Фармация» мекемесіне берілген болатын. Бастапқыда бұл бастаманың қиын болғаны рас. Әсіресе өткен жылдың алғашқы тоқсанында конкурс өткізу, келісім-шартқа отыру сияқты жұмыстар бірқатар қиындық тудырған болатын. Дегенмен біраздан соң жұмысты қалпына келтіріп, тапсырыс берген дәрі-дәрмекті толық көлемде алдыруға қол жеткіздік, - дейді Марат Шоранов.

Осылайша дәрілік препараттарды орталықтандырылған қалыпта сатып алуды ұйымдастырған облыстық Денсаулық сақтау басқармасы халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметінен босады. Бұрын осы қызмет үшін ақы төлеген басқарма аталмыш жаңашылдық арқасында өңірдің қалалары мен аудан орталықтарындағы ауруханалар базасына тегін дәрілерді тарататын дәріханалар жүйесін ашуға қол жеткізді.

«Бұрын әр жердегі жекеменшік дәріханалар тегін берілетін дәрілерді таратумен ғана айналысқан. Ал жаңадан ашылған дәріханалар жүйесі пациенттерге дәрілерді таратып қана қоймай, сондай-ақ олардың өз дәрігеріне қаралып, тағайындалған рецептің уақытын ұзартуына да мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бізге 752 миллион теңге қаражатты үнемдеп, ақшаны дәрі-дәрмек сатып алуға қайта инвестициялануға жағдай жасады. Өткен жыл біз үшін өтпелі кезең болды. Биыл дәрі-дәрмектің межелі адамадарға жеткізілуінде мәселе болады деп ойламаймын», - деп қосты басқарма басшысы.

«СК-Фармация» жұмысының тиімді болғанын алға тартқан басқарма басшысы осының арқасында Шығыс Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ ел бойынша 26 миллард теңгеге жуық қаржының үнемделгенін тілге тиек етті.

Өзгелердің жаңалығы