Шәмшидинова балаларды жазғы демалыста қандай қызықтар күтіп тұрғанын айтты

21 Мамыр 2019, 11:23
2698
Бөлісу:
Шәмшидинова балаларды жазғы демалыста қандай қызықтар күтіп тұрғанын айтты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова алдағы балалардың жазғы каникулы қалай ұйымдастырылатынын айтып берді. 

«Жазғы демалысты балаларымыз асыға күтеді. Олардың каникулында барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, сапалы әрі мағыналы өткізу басты міндетіміз. Елімізде қалыптасқан инфрақұрылымда, яғни 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 1750 шатыр лагерьлерде балалардың 74%-ы демалады деп күтілуде. Жазғы демалыс шаралары кезінде әлеуметтік аз қамсыздандырылған отбасы балаларының 80%-ы, айрықша білім қажеттілігіне мұқтаждардың 82%-ы және әртүрлі салада жетістікке жеткен балалардың 90%-ы қамтылады деп жоспарланып отыр. Алайда, жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысында балалардың жазғы лагерьлерінің саны мен демалыспен қамтылу жоспары біршама төмен болатын. Осы отырысқа дайындық барысында әкімдіктегілер қайтадан бұл мәселені қарап, қосымша қаржы бөлетіндерін айтып хабарлады», - дейді Күләш Шәмшидинова. 

Оның айтуынша, жазғы демалыс кезінде 960 мың бала жазда құрылыс отрядтарына, орман және көгалдандыру жұмыстарына тартылады. Бұдан бөлек, оқушылардың 61%-ын түрлі үйірмелер мен спорт клубтары қабылдайтын болады.

«Оларға олимпиадалық резерв пен тіл мектептері, белсенділер мен көшбасшылардың жазғы үйірмелері ұйымдастырылады. Арнайы аула клубтарының жұмыстары да жаңғыртылуда. Жергілікті атқару органдарының ақпараттына сай, Елімізде 1500 аула клубы жұмыс істейді. Дегенмен, кейбір өңірлерде аула клубтарының саны жеткіліксіз. Олардың қатарында – СҚО, БҚО, Атырау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы бар. Орайы келгенде жазғы демалысты ұйымдастыруға қосымша демеушілер тартылатынын да айта кеткенім жөн болар. Былтыр әртүрлі компаниялар мен жеке кәсіпкерлер осы іс-шараға атсалысып, 504 млн теңгеге 4324 баланың демалысын ұйымдастырып берген еді. Биыл да бұл үрдіс жалғасады деп үміттенеміз», - дейді министр.

Ведомство басшысы одан бөлек, балаларға арналған мәдени-танымдық іс-шаралар да ұйымдастырылатынын айтты. 

«Осы тұрғыдан алғанда «Рухан жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген бағыттар негізінде тарихи-мәдени, ұлттық танымдағы жұмыстар жүргізіледі. Балалардың туған жерге деген қызығушылығын оятатын «Киелі Қазақстан» тақырыбына орай, тарихи орындарға экскурциялар ұйымдастырылады. Миллионға тарта бала «Қазақстан – мейірімділік мекені», «Жол қозғалысындағы инспектор», «Жұлдыз-ай», «Табиғатты аялайық» тәрбиелік танымдық іс-шараларға қатысады», - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы