Сейітқали Меңдешев билік органдарын қазақтандыру жолында үлкен еңбек сіңірді – тарихшы

29 Қыркүйек 2021, 15:48
32454
Бөлісу:
Сейітқали Меңдешев билік органдарын қазақтандыру жолында үлкен еңбек сіңірді – тарихшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Сейітқали Меңдешев  мемлекеттік іс жүргізуге қазақ тілін енгізуді сылтаурата отырып, билік органдарын қазақтандыру жолында үлкен еңбек сіңірді.

Бұл туралы тарихшы, Мемлекеттік орталық архивінің директоры Сәбит Шілдебай «Сейітқали Меңдешев және Қазақстандағы тұлғатанудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен жиында айтты.

Тарихшының айтуынша, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешев Қазақ АКСР-і 1920 жылы құрылған кезде тұңғыш Орталық комитетінің төрағасы болды. Ол 1920-1925 жылдар аралығында төраға ретінде қатарынан төрт рет сайланған.

Ол Кеңестік Қазақ мемлекетінің қалыптасу мен дамуына көп үлес қосқан қайраткер. Қазақ АКСР-нің құрамына Ақмола және Семейді қосуға қатысты құрылған төтенше мемлекеттік комиссияны басқарды. Сонымен қатар 1924 жылы Орталық Азия мен Қазақстанда жүргізілген ұлттық мемлекеттік межелеу кезінде осы Қазақ АКСР-і тарапынан Түркістан республикасы құрамындағы қазақ жерлерін Қазақ АКСР-не қосып алу жөніндегі реформаны басқарды, - дейді ол

Сондай-ақ ол Меңдешев 1921-1922 жылдары болған аштық кезінде Қазақстандағы аштыққа қарсы күрес комиссиясын басқарғанын айтты.

Оған қоса қазақ жерлеріне орыс переселендерінің көшіп келуіне қарсы болып, оны тоқтатқан қайраткер. Сондай-ақ қазақ тілін мемлекеттік іс жүргізуге енгізуді сылтаурата отырып, билік органдарын қазақтандыру жолында үлкен еңбек сіңірді, - дейді  Шілдебай.

Тарихшы сөз арасында қазір кеңестік жүйеде қызмет еткен тұлғаларды зерттеу кенжелеп тұрғанын жеткізді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік платформада болған қоғам қайраткерлері большевиктер партиясында болды, Орталықтың саясатын жүзеге асырды деген пікірлер болып, олардың көпшілігі зерттелмей қалды. Ол дұрыс емес. Кеңестік платформада болған қазақ қайраткерлерінің әрбірі қазақ мүддесі үшін ерен еңбек етті. Оны зерттеулердің барысы көрсетіп жатыр, - деді ол.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының орталық архивтерінің қорларынан алынған, бұрын жарияланбаған тың тарихи құжаттар мен деректердің, өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы мерзімді басылым материалдарының негізінде С. Меңдешевтің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне баға беру және бүгінгі таңдағы Қазақстандағы тұлғатанудың өзекті мәселелеріне жаңаша талдау жасалды.

Іс-шара Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен өтті.

Өзгелердің жаңалығы