Ұятты болған ұлы сөз. Секс сауаты

6 Қыркүйек 2019, 17:11
18421
Бөлісу:
Ұятты болған ұлы сөз. Секс сауаты
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы бес жылда мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие курсын енгізу мәселесі көтеріліп жүр. Бұл бастаманы қолдайтындар мектеп бағдарламасына бұл курс енгізілсе – кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы жүктілік, түсік жасату азаятынын айтса, қолдамайтындар «ұят тақырыпты» мектеп қабырғасында талқылау оқушыларды азғындыққа алып келетінін айтады. Осы орайда жыныстық сауатқа қатысты тақырыптарды қозғайтын 1001surak.kz сайтының редакторлары Аршат Ораз бен Бэлла Орынбетовадан сұқбат алдық.



15-18 жас аралығында 3 400 қыз жүкті

BAQ.KZ: Жыныстық сауатты мектеп бағдарламасына енгізу идеясы неге қарсылық туғызды? Қоғам дайын, дайын емес деген не сөз? Қоғамның қандай да бір идеяны қабылдауға дайын екені-емесін қалай өлшейді?

Бэлла Орынбетова

Бэлла Орынбетова

Бэлла Орынбетова: Жыныстық сауатты мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі биыл бірінші рет талқыланып жатқан жоқ. Біздің кезімізде «валеология» пәні болды. Ол пәннен медициналық, психологиялық білімі бар мамандар сабақ берген жоқ. Қолы бос, сабақ жүктемесі аз маман сабақ беретін. Сол себепті ол сәтсіз жоба болды. Біздің елімізде білім жүйесіне, реформасына қатысты жақсы бастамалар көтеріледі, бірақ олардың орындалуы өте нашар деңгейде.

Қоғамның дайындығына келетін болсақ: нақты бір өлшемі жоқ шығар, бірақ мысал ретінде еліміздегі Аналар үйін айта кеткім келеді. Қазіргі уақытта елімізде 25 Аналар үйі бар. Отбасының қолдауынан айырылған жас аналар сол жерді паналайды. Статистикаға келетін болсақ, былтыр ғана 3 400-ден аса 15-18 жас аралығындағы қыздар жүкті болған. Осы мысалдың өзі елімізде жыныстық сауат деңгейі қандай екенін білдіреді. Сонымен қатар, бізде жасанды түсік жасаушылар саны көп. Жасанды түсік жасатқандардың мың адамға шаққанда отызы 17 жасқа дейінгі қыздар. Ал бұл статистикаға кірмейтін криминал аборттар қаншама? Сондықтан қоғам бұған дайын емес дегенді қабылдай алмаймын. Қоғам дайын болмауы мүмкін, бірақ бұл мұндай сауаттық курс мектеп бағдарламасына енуіне қажеттілік жоқ дегенді білдірмейді.

 «Болудың» алдында қозғалуы керек тақырып

BAQ.KZ: Этнопедагогикалық тұрғыдан жыныстық мәселелер «ұят сұрақ» болып есептеледі де, адам жүре келе «өзі әлдеқалай біліп алады, табиғаттың заңы дегенін істейді» делінеді. Мұндай тәрбиенің жақтастары – ата-бабамыздың тепсе темір үзетін қайратын, генетикалық, венерологиялық аурулардан ада болуын алға тартады. Бұл мифологизация болсын-болмасын, бүгінгі күн биігінен бұлтартпас факт болып сіңіп кетті. Ендеше, бұған қарсы не мысал бар? Жыныстық сауатты ашық үгіттеуге қандай уәж айтасыз?

Бэлла Орынбетова: Бірнеше ғасыр бұрынғы жағдай қазіргі уақыттан мүлде басқа болған. Мысалы, ол кезде отбасы институты болды, жеңгелер болды, анасы айта алмайтын тақырыпты солар айтатын. Ол кезде құндылықтар да басқаша болды, яғни қыз баланың басты функциясы – ана болу, тұрмысқа шығу, бала туу ғана болған. Қазіргі уақытта әйелдердің функциясы репродукциялық міндеттермен шектелмейді. Қоғам дамыған сайын салт-дәстүр, білім, таным бәрі өзгеріп, дамып отырады. Көрінген жерде секс туралы жар салып айтуға мен де қарсымын, бірақ адамның интимді сауатын ашуды қолдаймын. Егер бұл тақырыптың мектеп қабырғасында талқылануына қарсы болса, онда ата-ана бұл туралы балаларымен өздері үйде әңгіме өрбітсін. Секс туралы айтқан кезде – ол үлкен жауапкершілік екендігін, қандай да бір жағдай болса, жауапкершілікті өз мойнына алатынын түсіндіру керек. Бұл жерде ұялудың қажеті жоқ. Бұл болғаннан кейін емес, болудың алдында сөйлесетін әңгіме.

Қыз баланың денесін ұстауына болатын жалғыз адам – анасы

BAQ.KZ: Отбасыдағы жыныстық сауат ашу туралы түрлі пікір бар. Әлеуметтік желіні таза визуал шолсақ, қалалықтар бұл жөнінен қысылмайтын сияқты. Провинцияға қарай – дәстүрімізде жоқ дейтіндер көп. Отбасыда бұл мәселе қалай болуы керек?

Аршат Оразов

Аршат Оразов: Ата-ана баламен бұл тақырыпта ашық сөйлесе алуы керек. Егер ашық айта алмайтын болса, мүшеқапты көрінетін жерге қалдырып кету, осы тақырыптағы кітап бетін ашып кету сияқты әрекеттен бастаған дұрыс. Мысалы, менің үш ұлым бар, тұңғышым 11 жаста. Мен оған бұл тақырыпта ашық түсіндіремін. Басқалардан естігенше менен естігені дұрысырақ, өйткені мен беретін ақпарат интернеттен тапқан ақпаратқа қарағанда дұрысырақ болады.

Бэлла Орынбетова: Әлеуметтік желіде Сая Бакимова есімді психолог іш киім ережесі туралы жазды. Қыз балаға 9-10 жасқа толғаннан кейін денесін, іш киімін ұстайтын адам тек қана анасы болуы керек екенін түсіндіру керек. Бұл ережені бала ғана емес, ата-аналар да естеріне түсіріп отыруы керек, сонда ғана зорланған-қорланған, әлімжеттікке тап болған балалар азаюы мүмкін.

Аптасына жыныстық сауатқа қатысты 2-3 сұрақ қойылады

BAQ.KZ: 1001 сұрақ сайты туралы айтсаңыз?

Аршат Оразов: Мен бірнеше жылдан бері сайт жасаумен айналысамын, сондықтан сайт қолданушыларының психологиясын, сайттарға қандай сұраныстармен келетінін білемін. Жыныстық сауатқа қатысты көп сұрақ қойылады, демек бұл тақырыпта қазақ тілінде кітаптар мен басқа да ақпарат көздері аз деген сөз. Осындай тақырыпты қамтитын қазақтілді сайт бұрын-соңды болып көрген жоқ. Бэлла екеуміз ақылдасып, осы жобаны қолға алғанымызға 1 жылдан асты. Сайтқа кірушілердің 99%-ы – қазақстандықтар, қалғаны Моңғолия мен Ресейдегі оқырмандар. Еліміз бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан кейін Оңтүстік Қазақстан тұрғындары көп кіреді. Бұрын бұл сайтта 18 жастан аспаған қолданушылардың саны көп болса (35% – автор түсініктемесі), жарнама қосып, әлеуметтік желілерге тарата бастағаннан кейін 45 жастан жоғары оқырмандар қатары көбейе бастағанын байқадық. Яғни, бастапқыда бұл сайт жасөспірімдерге бағытталған болса, қазіргі уақытта аудитория өзгеріп кетті.

BAQ.KZ: Осындай тақырыптағы сайтты оқырман қалай қабылдады?

Аршат Оразов: Бастапқыда «Мұндай сайт не керек?», «Осыны да үйрету керек пе?» деген сияқты жағымсыз пікірлер көп болды. Уақыт өте келе жақсы пікірлермен қатар сұрақтар келе бастады. Сайттың оқырманға керек екенін білдіретін көрсеткіштердің бірі осы. Сайттың аты «1001 сұрақ» болғанмен, әзірге сұрақтар саны жүзден енді асты. Аптасына орташа есеппен 2-3 сұрақ келеді.

Бэлла Орынбетова: Әлеуметтік желіде «Осындай тақырыпты қозғауға қалай ұялмайсыңдар?!» деген сипатты пікір жазатындар – шын мәнінде жанашыр жандар емес. Олар өзін жақсы жақтан көрсету мақсатында жазады. Олар мұндай тақырыпты оқымайтынын бірнеше рет жазды, ал шынымен оқымайтын адам бір рет пікір жазғаннан кейін қайтып айналып келмейді ғой?! Олар өздері туралы «ұят» тақырыпта әңгіме қозғамайтын мәдениетті адамның образын қалыптастырғысы келеді. Секс туралы сөйлесу – азғындықтың белгісі емес, бұл – жауапкершілік.

Гинекологқа баруды ар санайтын әйелдер бар

BAQ.KZ: Сұрақтардың басым бөлігі тығырыққа тіреліп, жол іздеп отырған адамдардың жеке басына қатысты сұрақтар ма, әлде жалпылама сұрақтар ма?

Аршат Оразов: Көбіне аноним түрде жеке басқа қатысты сұрақтар келеді. Біз маман болмасақ та психолог, гинеколог, уролог сияқты дәрігерлердің, сарапшылардың пікірін алып, жауап береміз.

Бэлла Орынбетова: Бізге көбіне «Мынадай бөлініс болды, не істеуім керек?» деген сияқты симптоматикалық сұрақтар келеді. Бұл сұрақты гинекологқа қойған кезде олар қашықтықтан диагностика жасамайтындарын, ол үшін науқасты тексеріп, талдау керек екенін айтады. Сұрақ қоюшыға ауылдағы гинеколог маманға қаралу керек екенін, бөлініс талдауларын жасату керек екенін айтқан кезде, олар ауылда ондай мамандар жоқ екенін айтады. «Аудан орталығына гинекологқа қаралуға барсам, бүкіл ауыл шулайды» деп ұялатындар, жылына 1-2 рет гинекологқа қаралуды ар санайтындар бар.

 Біздің кезде «Қырық сұрақ» деген кітап қана болған 

BAQ.KZ: Аға буында жаппай жыныстық сауаттандыру кезеңі болған. Ол 1980 жылдары СПИД-тің жылдам тарауымен байланысты. «Секс жоқ», «нашақорлық жоқ» ел де - сондай қуатты әкімшілік-жазалау жүйесі бола тұра, сауаттандыру әдісіне көшуге мәжбүр болды. Аға буынға қарап, советтік жыныстық сауаттандыру жұмыстарына қандай баға бересіз?

Аршат Оразов: Мен өзім де Совет Одағында өскен баламын. Біздің кезде Ишанбай Қарақұлов деген сексолог ғалымның «Қырық сұрақ» деген кітабы болды, кейін ол «Сырласу» деген атаумен қайта жарық көрді. Сол кітап жыныстық сауат тұрғысынан қазақ жастарына жақсы көмекші құрал бола білді. Ал орыс тілінде кітап та, газет-журналдар да көп еді. Кейбір адамдар мұндай тақырыпты ашық талқылау қазақ халқының болмысына жат екенін айтады. Бұл тамақ жеу сияқты табиғи қажеттілік екенін қалай түсінбейміз? Қазіргі уақытта артық салмақ жинамас үшін қалай дұрыс тамақтану керек екеніне дейін үйретеді, жыныстық қатынас та дәл сол сияқты қажеттіліктердің бірі. Ашық айтылмағанмен, бұл туралы адамдардың көкейінде жүрген сұрақтар көп.

Бэлла Орынбетова: 1980 жылдардағы сексуал революцияның оң және теріс жақтары бар шығар. Ол кезде соғыстан әбден шаршаған жастар көтеріліске шығып, өздерінің құқығын алға тарта бастады. Сексуал революциядан кейін 60-70 жылдары Америка нарығында жүктілікке қарсы таблеткалар пайда бола бастады және қыздардың жоғары оқу орнына түсіп, кәсіби білім алуы көбейді. Оның осындай жағымды тұстары бар. Қазіргі уақытта телеарналарда қыздардың гигиеналық заттары, мүшеқап жарнамаланады. Олай болса, неге үйде бұл тақырыптың басын ашып сөйлеспеске? Жүкті болған соң түсік жасатуға мәжбүр болғанша, оның алдын алу туралы түсіндірейік.

«Етеккірім келгенде ер адам қараса жүкті болып қалам ба?»

BAQ.KZ: Секси белсенді жастағы жасөспірімдерден қандай да бір ақпарат жетіспеуін байқамадық. Қарайтын фильмдерін, мүше болған қауымдастықтарын, табынатын пірлерін, анимэлерін саралап отырып, осылар жыныстық сауаттан кенде емес деп ойлайсың. Ендеше жыныстық сауат ашу мәселесі керегінен артық қозғалып жүрген жоқ па? Екінші жағынан, осы тақырыпқа қатысты ақпарат көп бола тұра, не себепті жасанды түсік жасаушы азайған жоқ?

Аршат Оразов: Жасанды түсіктің азаймауы мәселенің алдын алмаудан болып отыр. Мысалы, жыныстық сауатты мектеп бағдарламасына енгізу керек деп айтамыз, бірақ бұл тақырыпты жоғары сынып оқушыларына түсіндіру – тым кеш. Әлемдік тәжірибеде бұл тақырып орта сынып кезінен бастап түсіндіріледі. Бұл тақырыпқа қатысты сұрақтардың жауабын бала өз бетімен іздеп кетпеуі керек.

Бэлла Орынбетова: Бұл тақырыпта ақпарат көп, бірақ қазақ тілінде емес. Жоғарыда айтып өткендей, статистика комитетінің мәліметінше, 15-18 жас аралығында жасанды түсік жасатқан 3400-ден астам қыздың басым бөлігі оңтүстік және батыс өңірлерден. Ол жақта коммуникация тілі – қазақ тілі, яғни орыс тілін түсінбейтіндер де бар. Сол себепті олардың жыныстық сауаты жоғары деп айта алмайсыз.

Сайтқа келген сұрақтардың бірі мені таң қалдырды. Бір қыз «Менің етеккірім келіп жүр. Көшеде маған ер адам қараса, жүкті болып қаламын ба?» деген сұрақтың жауабын білмей отыр. Демек, Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалалар үшін бұл аса үлкен мәселе болмағанмен, аймақтар үшін үлкен мәселе. Сондықтан бізде мұндай мәселе жоқ екенін айтып көз жұма қарауға болмайды.

BAQ.KZ: Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіздер?

Аршат Оразов: Бұл бағытта сайт ашу жеткіліксіз екенін түсініп, Instagram, Facebook желілерінде парақша ашып, мобил қосымша жасадық. Бұл – біз үшін табыс әкелмейтін хобби деп айтсақ болады. Мақсатымыз – адамдардың жағымсыз пікірлеріне қарамай, жыныстық сауат туралы пайдалы ақпарат жазу. Алдағы уақытта жыныстық тәрбиеге қатысты ең жиі қойлатын 100 сұрақты топтастырып, кітап шығарамыз.

BAQ.KZ: Сұқбаттарыңыз үшін рақмет!

P.S. БҰҰ Халықты орналастыру қоры (ЮНФПА) Білім министрлігімен бірлесіп, мектеп бағдарламасына адамтану бағытында жыныстық тәрбие курсын енгізіп жатыр. Бұл туралы БҰҰ-ның Халықты орналастыру қорының (ЮНФПА) атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев БАҚ құралдарына берген сұқбатында айтқан болатын. Биыл бұл бағытта Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы мен Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу курсы енгізілген.

«Бұл арада қандай да бір жеке пән болмайды. Оған бөлек сағаттар бөлінбейді. Жаратылыстану, биология сияқты жалпы пәндерге тақырып ретінде арасында енгізіледі», - дейді БҰҰ-ның Халықты орналастыру қорының (ЮНФПА) атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев.

2019 жылдың жаз айында мұғалімдер пилоттық мектептерде дайындық курсынан өткен. Мұндай өзгеріс 2019-2020 оқу жылында сынаққа алынбақ екен. Одан кейін барып, ол барлық мектепте енгізілетін болады. Пилоттық жоба биыл 9-сыныптан бастап қолға алынбақ. Одан кейін ол 8-6-сыныптар оқитын пәндерге енгізіледі. Барлық ақпарат балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұсынылады.

Видео авторы: Кенжетай Ақсейітов
Өзгелердің жаңалығы