Сеулде COVID-19-ға қарсы ақылды қондырғылар пайда болды

24 Қыркүйек 2020, 01:10
1331
Бөлісу:
Сеулде COVID-19-ға қарсы ақылды қондырғылар пайда болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақылды аялдамалар Сеулдің Сондон ақылды ауданында пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оларды орнату бір жыл бұрын, яғни коронавирус пандемиясына дейін жоспарланған екен. Дегенмен, мұндағы құралдар вирусты жоюға қауқарлы болып шықты. Ішіне маскасыз кіру мүмкін емес, температураны арнайы құрылғы анықтайды. Егер ол 37,5-тен жоғары болса, есік ашылмайды. Ішіндегі температура қысы-жазы 18 бен 20 арасында. Сондай-ақ, мұнда тегін Wi-Fi және телефон қуаттандырғыш, антисептиктер бар. Аялдама тәулік бойы жарықтандырылады. Бейнекамера бар. Яғни аудандағы әкімдікте барлық аялдама бақылауда тұр. Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің жүру кестесін көрсететін экран бар. 

Ақылды аялдамалар тұрғындардың ұсынысымен жасалды. Ауданымызда 300 мыңға жуық адам тұрады. Әрине, біз барлық аялдаманы жаппай ақылды ете алмаймыз, бірақ ең көп қолданыстағы аялдамалар жабдықталады. Індет кезінде аялдамаға 5 адам ғана кіре алады, ал қалыпты жағдайда 10 адамға дейін болуы мүмкін, - деді Сеул қаласы, Сондон ауданы әкімшілігінің қызметкері На Ин Че.

Ал мемлекеттік және жеке ұйымдарда температураны ақылды құрылғылар тексереді. Ол үшін арнайы жүйеге тіркеліп, кодты телефон камерасымен сканерлеу керек. Ашылған сауалнаманы толтырып, қолыңызды дезинфекциялайсыз. Қорғаныш құралдары қоғамдық орындарда орнатылған. Сондай-ақ, жақындарыңыздан өзге бөтен адамның жанына отыруға болмайды. 

«Қолыңызды кем дегенде 30 секунд сабынмен жуып, маска тағуыңыз керек» сынды кеңестер ақылды жаяу жүргіншілер өткелдерінде айтылып отырады. Сондай-ақ, егер сіз қауіпті жерде тұрсаңыз, ақылды өткел ескерту жасайды. Егер жаяу жүргінші құлаққап тағып немесе телефон бетіне телміріп тұрса, жердегі жасыл шамдар оған жолдан өтуге болатынын хабарлайды. Ал түнде өткелдер жарықтандырылып, бейнекамералармен бақыланады. Осындай ақылды құрылғылар мен басқа да әлеуметтік шаралар коронавирустың таралуына тосқауыл коюда. Еске салайын, елде COVID-19-дың екінші толқыны басталды. Бұған себеп – 15 тамызда Sarang Cheil шіркеуі өкілдерінің Сеул алаңында өткізген митингі.



Өзгелердің жаңалығы