Сержан Зәкерұлы: Сценарист пен режиссер бір-бірін түсінгенде үлкен дүние жасайды

9 Қыркүйек 2019, 16:13
8450
Бөлісу:
Сержан Зәкерұлы: Сценарист пен режиссер бір-бірін түсінгенде үлкен дүние жасайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі кезде түрлі тақырыпта кино түсіріп, түрлі форматта фильм жарыққа шыға береді. Дегенмен, бұл туындылардың сценарийлері жайлы әңгіме әртүрлі деңгейде айтылады.

Бұған дейін бірнеше тарихи туындының сценарийін жазған белгілі сценарист Сержан Зәкерұлымен осы тақырып бойынша әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Тарихи фильмдердің сценарийін жазу бір бөлек, қазіргі заманауи кинолардың сценарийін жазу бір бөлек. Сіз көбінде тарихи фильмдерге жазасыз, осы жағына тоқталыңызшы?

– Әр адамның өз оң жамбасына келетін тақырыбы болады ғой. Мысалы, маған комедия жаз десе, жаза алмас едім. Қолымнан келмейді. Ал тарихи тақырып – жаныма жақын, болмысыма бейім. Ең әуелі «Ақылдың кілті – Өмірдастан» фильмінен бастадық. Бұл Абайдың қара сөздерінің желісіне құрылған еді. Оның негізгі оқиға желісі – 19-ғасырдағы заман келбетін көрсетеді. Мұнан соң «Тар заман», «Тас өткел», «Кейкі мерген» қатарлы 20-ғасырдың тарихи оқиғалары арқау болған сериалдарды жаздық. Соңғысы жақында жарық көретін «Қаламгер» сериалы. Өте күрделі тақырып болды. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, басында қорқасоқтап кіріскенбіз. «Көш жүре түзеледі» дегендей, іздену, зерттеу барысында тақырып ашыла түседі екен, соны байқадым. Соның нәтижесінде жазып шықтық. Жалпы, тарихи фильмнің сценарийін жазу – үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

– «Ақылдың кілтін» Абай қара сөздерінің желісімен жаздыңыздар. Ал «Тар заман» мен «Қаламгерді» де қандай да бір шығарманың желісімен жасадыңыздар ма?

– Негізі белгілі бір шығарма желісіне салдық деп айта алмаймын. Мысалы, «Қаламгер» әртүрлі жазушылардың естелігінен құрастырылды. Және бір ерекшелігі, бұл картинадағы кейіпкердің барлығы танымал тарихи тұлғалар болғандықтан, оларды бір арнаға сидыру да қиын. Ал көркем фильмнің талаптарының бірі – бас кейіпкер болуы керек. «Қаламгерде» басты кейіпкерді Олжас Сүлейменов немесе Ілияс Есенберлин деп алсақ, соның ғана өміріне айналып кетеді де, басқаларының бейнесі ашылмай қалады. Сондықтан да біз Сәтжан есімді көркем образды алуды ұйғардық. Соның айналасына өмірде болған жазушылардың басынан өткен оқиғаларын топтастырдық. Оның есімінің өзі Сәтжан атануы, сол сәттерді, сол кезеңді көрсету мақсатында, сол уақыттың, сол сәттің куәгері деген мағынада алынды.

Сәтжанның басынан өткен оқиғалардың көбісі жазушылардың естелігінен алынды. Мысалы, Ұлықбек Есдәулетовтің басынан өткен, Дулат Исабековтің басынан кешкен бірнеше оқиғаны Сәтжанға телідік. Сондықтан да Сәтжан бейнесінен Сәтімжан Санбаевты көруге болатын шығар, Ұлықбек Есдәулетовті көруге болатын шығар дегендей. Бәлкім, жас кезіндегі Дулат Исабековтің өзін көруге болатын шығар.

– Тарихи фильмдердегі тіл мәселесі жайлы не айтасыз?

– Әр кезеңнің өз тілі болады. Ахмет Байтұрсынұлы «тіл дамып, жаңарып отырады» дейді. Мысалы, 19-ғасыр келбетін көрсететін «Ақылдың кілтінің» тілі өте терең. Ол кезде адамдар астарлап, тұспалдап сөйлеген. Ешкім былш еткізіп бетке айтпайды. Біз де осы бағдарда жаздық. Алайда, бір байқағаным, фильмге ойнаған актерлердің кейбірі қазақтың астарлы әзілін, тұспал ойын жете түсіне алмай жатады.

Бұдан бөлек, «Қаламгерді» жазу барысында тілдік жетекшім Дулат Исабеков ағамыз болды. Сол 70-жылдардың тілдік ерекшелігін жақсы талдап берді. «Мынадай сөздер қолданылмаған, мынадай термин болмаған» деген секілді ақыл-кеңесін аяған жоқ.

Ал сонау 19-ғасырдағы тілге келер болсақ, менің бала кезден өскен ортам, көрген тірлігім сол болды. Қарттардың әңгімесін тыңдап, көшпенді өмірді көзбен көргендіктен жадымда жақсы сақталды. Сол кезеңнің сөз саптауы, сөйлеу мәнері, тіпті ауыздарынан шығатын мақал-мәтелдері мен боқтығының өзі санада сайрап тұр.

– Сценарий жазу барысында, «шіркін-ай, осы жер осылай болып шықса» деп жазып, бірақ түсірілім кезінде, не көркемдік кеңес кезінде алынып тастайтын жерлері көп бола ма?

– Әрине, болып тұрады. Мысалы, тарихи фильм болған соң түсірілім алаңында нақты детальдар болғаны жақсы. Ал заман өзгеріп кеткендіктен, кейде сол кездегі ғимараттың өзін таппай қаласыз. Сондай сәттерде өзгертуге тура келеді. Сценарий жазып отырғанда, өзің айтпақшы, «шіркін-ай, осы жері осылай түсірілсе» деп жазасың, бірақ жеме-жемге келгенде өзгеріп кетіп жатады.

– Сценарий авторы ретінде түсірілім жұмыстарына араласасыз ба, әлде жазып бердім болды, қалғаны режиссердің жұмысы дейсіз бе?

– Мен өзім жазған сценарийлерімнің барлығының түсіріліміне бастан-аяқ қатысамын. Себебі сценарий жазу барысында кейіпкерлердің диологын жазасың. Сол кезде өз таразыңа салып, кезек оқып көріп, сол кейіпкердің орнына өзіңді қойып көресің. Негізі өз көзқарасыңмен дұрыс секілді болады. Ал түсірілім алаңында әлгі диологты әртістің аузына салып жіберген сәтте мүлде басқа әңгіме өрбуі мүмкін. Себебі әр адамның өзінің сөйлеу мәнері бар, дауыс ерекшелігі бар, сен күткендей болмауы әбден мүмкін. Кейіпкеріңнің сөзі әртістің тіліне томпақ келіп қалады. Сондай сәтте дереу диологты басқаша жазып, тілге томпақ келіп тұрған сөздің баламасын тауып, өзгертіп беріп отырамын. Менің ойымша, сценаристің түсірілім барысына қатысқаны дұрыс деп ойлаймын.

– Алда қандай жоспарлар бар? Тағы да жазылып жатқан дүниелер бар болар?

– Өзім әзірше Мұрат Бидосовпен ғана жұмыс істеп келемін. Себебі режиссер мен сценарист бірін-бірі айтқызбай түсініп, қабақпен ғана ұғысатын деңгейге жеткенде, нағыз жақсы дүниелер өмірге келетін болады. Біздің арамызда да сондай бір рухани түсіністік бар. Менің нені айтқым келгенін ол, оның нені көрсеткісі келгенін мен айтқызбай ұғамыз десем болады.

Иә, алдағы уақытта да көрерменге ұсынар ауқымды тарихи дүниелер бар. «Үлкен істі үндемей істе» дейді, барлығын да дер кезінде халық өзі көріп, бағасын беретін болады.

– 14-15-ғасыр кезеңдерін қамтитын фильмге сценарий жазып көрген жоқсыз ба?

– Жаздым. Мұхамет-Қайдар Дулати туралы 6 сериядан тұратын тарихи-деректі фильмнің сценарийін жаздым. «Хабар» арнасының тапсырысымен жазылған болатын. Түсірілім жұмыстары да аяқталды.

– Мынауыңыз жақсы жаңалық екен. Дегенмен 15-ғасыр 19-ғасыр емес қой. Тілдің ішкі иірімдеріне қалай бойладыңыз?

– Бұл фильмде сәл уақыт тапшылығы білінді. Сонымен қатар, мұндай көне дүниені түсіріп шығар ғимаратты айтпағанда, киім-кешектің өзі тапшы. Сонымен қатар, Дулатиді былайғы жұрт «Тарих-и-рашиди» кітабын жазып шыққан ғұлама ретінде ғана біледі. Ал шын мәнісінде ол өте білімдар, әрі батыр, әлі шежіре, бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» адам болған. Біз оның сол ерекшелігіне көбірек мән беруге тырыстық.

– Бір фильмнің сценарийін қанша уақыт жазуыңыз мүмкін?

– Ол көбінде киноның күрделілігіне, қай кезеңді қамтитынына байланысты.

– «Қаламгерді» қанша уақытта жазып бітірдіңіз?

– Үш айдай уақыт кетті. Материал іздейсің, кейіпкерлеріңді зерттейсің. Тіпті кейде қол жүрмей, жазуға деген ерқаштылық пайда болатын кездер болады. Дегенмен, тарихи фильмдерге сценарий жазу еліміздің, халқымыздың тарихын тани түсуіме көп септігін тигізіп келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!
Өзгелердің жаңалығы