Серікзат Дүйсенғазы: Абай бізге емес, біз Абайға мұқтажбыз

26 Мамыр 2020, 21:00
2125
Бөлісу:
Серікзат Дүйсенғазы: Абай бізге емес, біз Абайға мұқтажбыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  "Желмая" жобасының қонағы болған ақын, филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз, доцент Серікзат Дүйсенғазы сұхбат барысында карантин кезінде студенттер қашықтан оқытуда қиындықтарға тап болғанын айтты. Алайда, университет жағдайды дер кезінде қолға алған.


Студенттер ғана емес, кейбір ұстаздарымыз арасында да қиналып қалғандары болды. Кейбір компьютері ескі немесе мүлдем жоқ студенттер мен оқытушыларға университеттің жаңа компьютерлері берілді. Ал, алыс елді мекендерде студенттерге ауылдық әкімдік арқылы шығып, көмек қолын созуға тырыстық. Мысал ретінде айтайын, өз ауылымда да интернеттің жылдамдығы нашар еді, осы карантин кезінде 3G интернетін орнатып бердік. Осындай көмек берілген ауылдар баршылық. Кейбір жерлерде жағдайға қарадық. Онлайн жұмыс істей алмағандар үшін университеттің арнайы жүйесі бар. Университет барынша жағдай жасап жатыр. Не нәрсенің екі жағы болатыны сияқты, карантиннің пайдасы – бірқатар елді мекен "Цифрлы Қазақстанға" жақындады. Шалғай ауылдардың өзіне интернет тартылуда. Тағы бір айта кетерлігі, оқытушылар, оқушылар ғана емес, барлық адам цифрлық жүйені үйреніп жатыр, - дейді ол.
Ақын сөз арасында Қазақстандағы журналистикаға қатысты көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, сын қай салаға болмасын айтылады.
Сын барлық салада бар. Ғылым-білімде де, медицинада да, журналистикада да сын бар. Кемшіліктер жоқ емес. Дегенмен, бар дүниені бар деу керек. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы телевизия мен бүгінгі телевизияны салыстыра да алмаймыз. Тіпті, тоқсаныншы жыл деп ары бармай-ақ, 2000-жылдарды алайықшы, қазір дамып кеткен. Әрине, салмақты бағдарлама азайды деген сын айтылып жатады, оны да мойындау керек. Ернар Айдарға қатысты біраз шу болды, бағдарламаны қарап шықтым. Шоу-бизнес өкілдеріне қатты тиісіп жатыр. Келісетін де, келіспейтін де тұсым бар. Себебі, шоу-бизнес деген дүние болуы керек. Бізден қалып қойған елдер бар, эстрада жанры мүлде дамымаған. Біздегі эстраданың дамығанының арқасында Димаш сияқты талант шықты. Әйтпесе, тақыр жерде танылар ма еді? Біздің эстрадамызда мықты әншілердің болуының арқасында Димаш сияқты жұлдыз шықты. Ол аспаннан түскен жоқ, ата-анасы шоу-бизнесте қайнап жүрген адамдар. Сондықтан, телеарнаға қатысты шоу-бизнес керек жоқ, тек салмақты хабарлар болсын дей алмаймыз. Әрине, сараптамалық бағдарламалар аз, оларды көбейту керек, - дейді ол.
Серікзат Дүйсенғазы кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың кейбір әншілерді шегірткеге теңегеніне келіспейтінін айтты.
Ахметбек ағамыздың жеке пікірі ғой, дегенмен, ол кісінің айтқанымен келіспеймін. Өзім де өнер адамымын, бірақ, белгілі бір салада  қызмет етіп жүрмін. Сол сияқты, әнші Сәкен Майғазиев Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының проректоры болып қызмет етуде. Мейрамбек Бесбаев та Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі қызметінде жүр. Айгүл Иманбаеваның театры бар, өзі актриса, өзі ән айтады. Оларды қалай шегіртке дейсің? Негізі лотерея ойнату дегенге түбегейлі қарсымын. Кейбір айтыскер ақындарының да лотереяға қатысы барын көрдім. Бірақ, олардың түпкі мақсатын білмеймін, не үшін ойнаттың деп сұрамадым. Сондықтан, сыртынан сөйлеу қисынсыз. Мүмкін жақсы идеяны жүзеге асыру мақсатында жаңа маркетингті пайдаланайын деген болар. Негізі ұлттық өнердің, ұлттық әдебиеттің өкілдері кез келген дүниеден биік болуы керек, - дейді ақын.
Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, ақын – қоғамды тәрбиелеуші, қоғамның сыздап тұрған жарасын жазушы.
Биліктегі кейбір адамдар айтысты түсіне бермейді, "ертең халықтың көтеріліске шығуына ықпал етеді", деп ойлайды. Мен талай айттым, айтыстан кейін көтеріліске шыққан халықты көрмейсің. Айтыста небір мәселе айтылады. Жер мәселесін де қопарып тұрып жырлаған ақындар болды. Содан кейін қолына қайла-күрегін ұстап, көшеге шыққан адамды көрдіңіз бе? Осы мәселеге келгенде кейбір адамдар қорқып, ақындардың аузын буып, тіпті, қайбір жылдары телеарна эфирінен де алып тастады. Менің ойымша, бұл мәселе Парламентте қаралуы керек, - дейді ол.
Ақын Абайдың 175 жылдығы өз деңгейінде аталып өтеді деген пікірде. Ол ұлы Абайдың мерейтойының уақыты жеткенше, карантин де аяқталады деген сенімде.
Тіпті, болмай қалған жағдайда онлайн ұйымдастыруға болады. Қажет болса, дүниежүзін мерейтойға қатыстыруға мүмкіндік бар. Абайға не бере аламыз деген сұраққа келер болсақ, Абай ештеңеге мұқтаж емес, біз оған мұқтажбыз. Неге? Себебі, қазір қоғам алдында, қазақ ұлтының алдында ұрпақты сақтау қалу деген үлкен мәселе тұр. Біздің ұлттық мемлекет болуымыздың идеясы Абайда жатыр. Абайда өткір сын бар. Егер біз сол сынның бәрін жоя алсақ, мықты ұлт боламыз, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы