Сергей Громов Ресей елшісімен кездесті

5 Наурыз 2019, 21:19
1411
Бөлісу:
Сергей Громов Ресей елшісімен кездесті

Астана, BAQ.KZ. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті. Бұл туралы Сенатының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Кездесуде экономикалық, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

С.Громов ТМД Парламентаралық Ассамблеясы мен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы аясындағы өзара іс-қимылдың маңызды екенін атап өтті, депутаттар осы ұйымдардың аясында өз елдерінің заңнамасын үйлестіру мен жақындастыруды қамтамасыз етіп келеді.

Сенат Төрағасының орынбасары парламентаралық үнқатысуды одан әрі нығайту туралы айта келіп, Қазақстан мен Ресей парламенттері жоғарғы палаталарының депутаттары қатысатын Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның ерекше рөлін атап өтті.

«Комиссия екіжақты ынтымақтастықтың көптеген мәселелерін қарауда ұлттық заңнамаларды жақындастыру үшін нақты ұсыныстар әзірлей отырып, сондай-ақ өзара парламентаралық байланыстар мен Қазақстан мен Ресей әріптестігін тереңдетудің оңтайлы жолдарын іздестіру жөнінде ауқымды жұмыстарды атқарды», - деді С.Громов.

Ол дипломатқа Каспий конвенциясының ратификациялануы, Қазақстанның Маңғыстау облысы мен Ресей Федерациясының Дагестан Республикасы негізінде трансшекаралық ынтымақтастықты, Каспий теңізіндегі туризм, сондай-ақ экология мен биологиялық ресурстарды қорғау саласындағы байланыстарды дамыту мәселелері қаралған комиссиясының 13-ші отырысының қорытындылары туралы айтты.

Ресейдің Қазақстандағы елшісі А.Бородавкин Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық еткенін жоғары бағалады және БҰҰ-ның «Терроризмнен азат әлемге жету жолында» іс-әрекет кодексін қабылдау жөніндегі Қазақстанның бастамасын ілгерілету жөніндегі бірлескен жұмысты атап өтті.

С.Громов Қазақстанның саяси жүйесіндегі Сенаттың рөлі, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының съезіндегі белгіленген әлеуметтік басымдыққа ие жаңа саясат туралы әңгімеледі.

Ресейдің Қазақстандағы елшісі үкіметаралық комиссияның аясында Қазақстанға мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі комиссия құруды және биыл Омбы қаласында өтетін Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында жас көшбасшылар саммитін өткізуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы