Сенатта Тәжікстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы заң жобасы қаралды

9 Сәуір 2019, 17:24
1679
Бөлісу:
Сенатта Тәжікстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы заң жобасы қаралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.



Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы "Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісімге Астана қаласында 2018 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын және Тәжікстан тарапының әскери-техникалық көмек көрсету жөнінде сұрау салуын іске асыру аясында қол қойылды.

Келісім Тәжікстан тарапына әскери мүліктерді; оқ-дәрілерді, авиациялық зақымдау құралдарын, артиллериялық аспаптарды, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мүліктерін бір рет өтеусіз беруді көздейді.

Келісімнің шарты бойынша Қазақстан әскери мүлікті Жамбыл облысындағы «Отар» станциясынан бастап Душанбе қаласының «Рохати» станциясына дейін теміржол көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді және шығыстарды көтереді.

Ал Тәжікстан тарапы Тәжікстан Республикасындағы кедендік рәсімдерді ресімдеу шығыстары мен жауапкершілігін, сондай-ақ алынған әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермеу міндеттемесін өзіне алады.

Тұтастай алғанда Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қабылдау өңірлік қауіпсіздікті нығайтуда елеулі үлес қосады, Тәжікстан Республикасымен өзара достық қарым-қатынастарды және әскери ынтымақтастықты күшейте түседі.

"Қарулы күштерді техникалық тұрғыда қайта жабдықтау және мемлекеттік шекараны нығайтудағы тәжік достарға көрсетілетін көмек тек Қазақстанның ғана емес, біздің одақтастарымыз бен бүкіл Орталық Азиядағы достарымыздың ортақ мүддесі болып отыр", - деді Н.Нұрсипатов.

Заң жобасы Палата қарауына берілді.

 

Өзгелердің жаңалығы