Бас жаңалықтар
Сенатта Каспий теңізіне қатысты заң жобасы қаралды
23 Қыркүйек 2021, 10:25 1085

Сенатта Каспий теңізіне қатысты заң жобасы қаралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенциясының трансшекаралық контексте қоршаған ортаға әсерін бағалау хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды.

Министр атап өткендей, Каспий теңізінде көмірсутегі шикізаты ірі қорының болуы су қоймасының экологиясы мен биологиялық ресурстарын сақтау мәселесін өзекті етеді.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтың шарттық базасын кеңейту мақсатында Қазақстан негіздемелік конвенцияға бірқатар хаттамаға қол қойды. Солардың бірі - 2018 жылғы 20 шілдедегі Мәскеуде Каспий маңы мемлекеттері (Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Түркменстан және Қазақстан) қол қойған трансшекаралық контексте қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы хаттама, - деді Серікқали Брекешев Сенатта.
Сонымен қатар хаттаманы реттеуге жататын қызмет түрлері анықталды. Мысалы, мұнай өңдеу зауыттары, жылу қуаты 300 мегаватт немесе одан жоғары жылу электр станциялары мен басқа да жану қондырғылары, атом электр станциялары мен басқа да атом реакторлары, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және басқа да қызмет түрлері. Конвенция ережелерін іске асыру үшін 2021 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Экологиялық кодексте трансшекаралық экологиялық әсерді реттеу, оларды жүзеге асыру тәртібі, құқықтары мен міндеттері бекітілген.
Қазақстанның трансшекаралық әсерлердің пайда болу тарабы ретінде қатысуы, қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімі ел ішінде де, қатысты тараптар арасында да қатар жүргізіледі. Мысалы, Каспийде жаңа объектілер салынған жағдайда қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына және мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ қатысты тараптарға қатар жіберіледі, - деп түсіндірді Экология министрі.
Оның айтуынша, қоршаған ортаға әсерді бағалау хаттамасында және республиканың Экологиялық кодексінің 81-бабының 7-тармағында айқындалған, қатысты тараптардың органдарымен консультацияларды ескере отырып, трансшекаралық контекстте қоршаған ортаға әсерді бағалауды өткізу мерзімі шамамен 6 айды құрайды.
Қоғамдық тыңдауларда көтерілген мәселелер бойынша түпкілікті шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарды тарта отырып қабылдайды. Хаттама мүдделі органдармен ескертулерсіз келісілді, теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды, - деп толықтырды Серікқали Брекешев.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...