Сенатқа заң жобасы қатесіз берілді – министрлік

15 Мамыр 2020, 15:47
1400
Бөлісу:
Сенатқа заң жобасы қатесіз берілді – министрлік
Фото: ашық дереккөз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Сенат отырысында "Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі" туралы заңның қазақша нұсқасында ғылыми-лингвистикалық 422 қате анықталғаны айтылды. Осы мәселе бойынша ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне және Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегеновке хабарласып, мұндай жағдайдың орын алуына не себеп болғанын сұрап білген едік.

Министрлік Қазақстан Республикасының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Заңында және заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларында заң жобаларын әзірлеу кезінде сақталатын нақты ережелер қарастырылғанын айтады.

Міндетті талаптардың бірі - заң жобаларын ғылыми-лингвистикалық сараптау. Бұл жағдайлар "Бейбіт жиналыстар туралы" заң жобаларын әзірлеу кезінде ескерілді. Заң жобаларының мәтіні Парламентте талқылануға дейін екі рет қажетті тексерулер мен лингвистикалық сараптамадан өтті. Ғылыми-лингвистикалық тексерулер нәтижелері бойынша барлық ескерту ескеріліп, қателер түзетілді, - делінген министрлік жауабында.

Заң жобалары Парламентке ұсынылған кезде оларға ілеспе құжаттар, оның ішінде ғылыми-лингвистикалық сараптама қорытындылары қоса берілген.

Сондай-ақ, анықталған қателіктер туралы ақпарат "Бейбіт жиналыстар туралы" заң жобаларының бастапқы нұсқасына қатысты екені айылады, заң жобалары Парламентке жіберілгенге дейін бұл қателер жойылған.

Оны Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов те растап отыр. Оның айтуынша, бұл қателер ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған "Митинг туралы" заңның бастапқы нұсқасында анықталған және түзетілген.

Мен бұл қателерді ойымнан шығарып отырған жоқпын. 422 қате заңның алғашқы нұсқасында жіберілген. Оларды ҚР Әділет министрлігі жанындағы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының лингвистикалық комиссиясы түзетіп, Мәжіліске жібереді. Заң жобасымен бірге ілеспе құжаты болады, сол жерде қанша қате анықталғаны және қалай түзетілгені атап көрсетіледі. Бұл заң жобасы алдымен орыс тілінде дайындалған, кейін қазақ тіліне аударылған. Яғни, аударған кезде қателіктер кеткен, - деді сенатор. 

Оның айтуынша, заңдарды қазақ тілінде әзірлеуге күш салу қажет. Осы мақсатта қате жөнінде әдейі ескертіп, оған көңіл аудармай кетуге болмайтынын айтқан. 

Жалпы кез келген заң жобасының негізгі бөлігін дайындайтын Үкімет, тиісті министрліктер. Бізде заңдар алдымен орысша дайындалады, кейін қазақ тіліне аударған кезде осындай олқылықтар орын алады. Бірақ бұндай мәселелерді аттап өтуге болмайды. Кешегі баяндамамда олардың құлақтарына жете берсін деген мақсатта бұл қателерге көңіл аудармай кетуге болмайтынын айттым. Мұндай қателер болмас үшін алдымен заңдардың қазақ тіліндегі нұсқасын дайындауға көңіл бөлу керек, - деп түйіндеді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы