Сенаторлар республикалық бюджетті пысықтайды

21 Қыркүйек 2020, 14:03
948
Бөлісу:
Сенаторлар республикалық бюджетті пысықтайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен Сенат Бюросының отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі талқыланып, Мәжілістен келіп түскен заң жобалары комитеттер арасында бөлініп берілді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенат Бюросының отырысында Мәулен Әшімбаев Парламентке 1 қыркүйекте келіп түскен үш жылға арналған республикалық бюджет жобасына депутаттардың назарын аударды. Сенат Төрағасы елдің басты қаржы құжатымен жұмыстың нақты мерзімін белгіледі.

Біз осы заңды 1 желтоқсанға дейін қабылдауымыз керек. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан Сенат депутаттары Мәжілістегі әріптестерімен бірге аталған заң жобасы бойынша жұмысты бастады. Республикалық бюджет жөніндегі заң жобасын уақытылы әрі сапалы қабылдау Парламент пен Үкіметтің тиімді өзара іс-қимылына байланысты, - деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы жұртшылық мемлекеттік қаржыны бөлу мәселелеріне ерекше назар аударатынын, қоғамда республикалық бюджетті жоспарлауға қойылатын талаптар арта түскенін еске салды. Мәулен Әшімбаев оны оң үрдіс ретінде санайды. Сондықтан парламентшілер заң жобасын мұқият зерделеп, қоғам тарапынан бар сұраныстарды ескере отырып пысықтауы қажет.

Сенат Бюросының отырысында 24 қыркүйекте өтетін алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі де белгіленді. Депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Сенаторлар Палатаның қарауына «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын да шығарды.

Сонымен қатар, бюрода Мәжілістен келіп түскен заң жобалары комитеттерге бөлініп берілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті бас комитет болып белгіленді. «Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне қорытынды дайындау тапсырылды.

 

 

 


Өзгелердің жаңалығы