Сенаторлар өңірлерде 340-тан астам кездесу өткізді

6 Қыркүйек 2021, 15:09
3771
Бөлісу:
Сенаторлар өңірлерде 340-тан астам кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2021 жылғы 9 қыркүйекте өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Алдағы отырыс барысында сенаторлар Сенат тағайындаған, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мүшесінің өкілеттігін тоқтату және лауазымнан босату туралы мәселені қарайды.

Сондай-ақ, бейсенбі күні Палата депутаттары Мәжіліс мақұлдаған «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуына байланысты оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Бұл заң жобасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында, оның ішінде Армениямен электр энергетикасы саласында тиімді ынтымақтастық орнатуды көздейді.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында нақты тапсырмалар берілді. Соның бәрі Сенаттың алдағы сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына енгізілуі керек. Сенаторлар барлық міндеттерді сапалы әрі уақтылы іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Бюро отырысында депутаттардың 1 шілде мен 28 тамыз аралығында өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысы туралы комитет төрағаларының ақпараттары тыңдалды. Осы ретте барлық кездесу пандемия талаптарына сай өткенін, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталғанын айта кеткен жөн. Сапарлар барысында Сенат депутаттары 340-тан астам кездесу өткізді. Соның аясында қала, аудан, ауыл тұрғындарымен бірге шалғай елдімекендердегі халық та қамтылды.

Сенаторлардың азаматтармен кездесулерінде халықтың көкейінде жүрген бірқатар маңызды мәселе көтерілді. Алдағы уақытта депутаттар сол проблемаларды шешу үшін жүйелі жұмыс істеуі керек. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан елдің мүддесі үшін және Президентіміздің Жолдауында айтылған басымдықтарды іке асыру үшін жұмыс істейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Халықпен кездесу кезінде депутаттар түрлі мәселелерді талқылады. Соның ішінде азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, агросекторды дамыту, пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды жетілдіру сияқты бірқатар мәселелер бар. Сапар аясында сенаторлар жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасы нашар екеніне және инфрақұрылым жүйесіндегі олқылықтарға ерекше назар аударды. Сумен және газбен жабдықтандыру, шаруаларды тұқыммен, жанар жағармаймен, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, медициналық-санитарлық қызметтің халыққа қолжетімділігі, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелеріне де баса мән берілді. Өз кезегінде азаматтар кейбір саладағы заңнамаларды жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Алдағы уақытта мұның бәрі Сенат жұмысында ескерілетін болды.

 



Өзгелердің жаңалығы